Ыстамбұлда ОҚО-ның инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды

738

Ыстамбұлда ОҚО-ның инвестициялық мүмкіндіктері таныстырылды

Оңтүстік Қазақстан облысының өндірісі мен өнеркәсіп саласына шетел инвесторларын тарту мақсатында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев бастаған  делегация Түркия мемлекетінде жұмыс сапарымен болды. Бұл туралы ОҚО әкімдігі баспасөз қызметі хабарлады. 

Сапары барысында аймақ басшысы іскер топ мүшелерімен  бірге Түркия елінің Ыстамбұл қаласында болып, бірқатар өндіріс орындарын аралап, жетекші кәсіпорын басшыларымен кездесу өткізді.

Сонымен қатар облыс әкімі Жансейіт Түймебаев бастаған топ Түркия мемлекетінің бұрынғы президенті Абдулла Гүлмен кездесті. Әңгіме барысында Жансейіт Қансейітұлы екі ел арасындағы бауырластық байланыстарды нығайтудағы еңбегін жоғары бағалайтынын айтты.

Бұдан бөлек, делегация  750 гектар аумақта орналасқан "Икителли" индустриалды аймағының жұмысымен танысты. Аталған аймақта шағын және орта 30 мыңнан астам кәсіпорын сәтті жұмыс істеп келеді. Оларда 300 мыңдай жұмысшы еңбек етеді. "Икителли" Түркиядағы ең үлкен индустриалды аймақ. Инвестициялық мүмкіндіктері мен өндірістік, экспорттық әлеуетімен және жұмыспен қамтуымен бұл аймақ экономиканың дамуына үлес қосып келеді. Бұл аймақ заманауи кешендегі өндіріс және сауда қалашығы болып табылады.

Бауырлас екі елдің іскер топ өкілдері мен сарапшы мамандары бас қосқан жиында қос елдің сауда-экономикалық әлеуетін арттыру мәселелері кеңінен талқыланып, екі жақ өзара тәжірибе алмасып, әріптестік байланыстарын нығайтуға уағдаласты.

Басқосуда облыстың әлеуметтік-экономикалық ахуалы мен инвестициялық мүмкіндіктерін кеңінен таныстырған Жансейіт Түймебаев бүгінгі таңда Оңтүстік жерінде индустриалды-инновациялық бағдарлама аясында 1 арнайы экономикалық және  11 индустриалды аймақ жұмыс істеп жатқанын мәлім етті.

"Бізде индустриалды аймақ өңірдегі барлық ауданда құрылған. Онда шетелдік инвесторлар үшін барлық жағдай қарастырылған. Біз үшін өндіріс саласында Түріктің озық технологиясы мен мамандардың біліктілігін арттыру бағытындағы іс-тәжірибесі аса маңызды",-деді облыс әкімі.

Өз кезегінде түркиялық кәсіпкерлер Қазақстанның жүргізіп отырған инвестициялық саясатын оң бағалап, екіжақты қарым-қатынасты арттыру қажеттігіне назар аударды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу