Орталық сайлау комиссиясының төрағасы ТүркПА және ИЫҰ делегацияларын қабылдады, деп жазады inbusiness.kz Орталық сайлау комиссиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Нұрлан Әбдіров ТүркПА-ның құқықтық мәселелер және халықаралық қатынастар жөніндегі комиссиясының төрағасы Эрол Кая бастаған түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясы және Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы Бас хатшылығының Азия департаментінің директоры Ахмед Сарир бастаған делегацияларымен кездесті.
Кездесуде ҚР ОСК басшысы ТүркПА мен ИЫҰ делегациясын 20 қарашаға тағайындалған кезектен тыс Президент сайлауын өткізу ерекшеліктерімен таныстырды. Сайлау науқанының негізгі кезеңдері, кандидаттарды тіркеу қорытындылары, сайлаушылар тізімі бойынша жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ сайлау күніне Қазақстанның сайлау органдарының дайындығы туралы хабардар етті.
ТүркПА және ИЫҰ делегацияларының басшылары Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының сайлауға дайындығы жөніндегі қызметін жоғары бағалап, сайлауды өткізуде табыс тіледі.