Түрмедегілерге телефон арқылы дәрігермен кеңесуге рұқсат берілуі мүмкін

123

Қазақстанда қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің ішкі тәртіп ережелеріне өзгерістер енгізілмек.  

Түрмедегілерге телефон арқылы дәрігермен кеңесуге рұқсат берілуі мүмкін Фото: gov.kz

Елімізде сотталғандарды колонияларда ұстау ережелеріне өзгеріс енгізіледі. Ішкі істер министрлігі тиісті бұйрық жобасын жариялады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Колониялардағы ішкі тәртіп ережелеріне енгізілетін өзгерістер сотталғандардың телефон арқылы сөйлесуіне қатысты болады. Жоба авторлары сотталғандарға дәрігерлермен телефон арқылы кеңесуге рұқсат беруді ұсынады. Осы мақсатта құжатқа жаңа – 181-бап енгізілмек.

"Тиісті медициналық қорытынды болған жағдайда, медициналық кеңестерді қашықтан көрсетуге болады. Кеңесті денсаулық сақтау ұйымдарының медицина қызметкерлері береді. Үшінші тұлғалармен сөйлесуге тыйым салынады", – делінген құжатта.

Жаңа өзгерісте телефонмен сөйлесу кезінде тәртіп бұзылған жағдайда, байланыс құралдарын пайдалану ережелері сақталмаса, үшінші тұлғалармен сөйлесу немесе әдеп пен мораль нормалары сақталмаса, әңгіме бірден тоқтатылуға тиіс екені жазылған.

"Адвокатпен телефон арқылы білікті заң көмегін алу үшін сотталған адам мекеме әкімшілігіне жазбаша не ауызша өтінішпен жүгінеді. Адвокатпен телефон арқылы сөйлесу оның жеке басы мен байланыс деректерін адвокаттар алқасы арқылы алдын ала растағаннан кейін жүзеге асырылады", – делінген жоба мәтінінде.

Адвокат пен сотталғанға үшінші тұлғалармен сөйлесуге тыйым салынғаны ескертіледі.

"Сондай-ақ, айрықша жеке жағдайларға әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар, тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктерде (жекелеген объектілерде) шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантин енгізу жатады. Бұл жағдайда жазаны өтеудің қатаң жағдайларындағы, жалғыз адамдық камерадағы, уақытша оқшаулау үй-жайындағы сотталғандарға жақын туыстарымен телефон арқылы сөйлесу айына бір рет беріледі", - делінген жобалық құжатта.

Құжаттың толық нұсқасымен "Ашық НҚА" порталында танысуға болады. Қоғамдық талқылау 21 мамырға дейін жалғасады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу