Түркістан облыстық Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің ресми өкілі Сәбит Сопиевтің айтуынша, түзету мекемесіне Шымкенттен есірткі әкелінетінін ондағы қызметкерлер алдын ала біліпті. Содан қылмыстың жолын кесу мақсатында Шымкент қалалық Полиция департаменті есірткіге қарсы күрес басқармасының қызметкерлерімен жедел операция ұйымдастырылған. Қаладағы базарлардың бірінің автотұрағынан "Мазда Кронс" автокөлігі тоқтатылған.
"Түркістан облыстық Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты ИЧ-167/9 жедел бөлім қызметкерлері мен Шымкент қалалық Полиция департаментінің жедел өкілдері көлік ішінде болған екі азаматты ұстады. Көлікті тінту кезінде жүк салғыштан күдік туғызатын заттар табылған. Яғни, есірткі затына ұқсас зат, скотчпен оралған 5 дана орама және тромадол таблеткасы куәгерлердің қатысуымен тәркіленді. Сараптама қорытындысымен оралған заттардың марихуана екені анықталды", – деді ҚАЖ департаментінің ресми өкілі.
Бұл оқиға бойынша Әл-Фараби аудандық полиция басқармасындағылар қылмыстық іс қозғады, тергеу амалдары жүріп жатыр. Тергеу кезінде анықталғаны, ұсталған күдіктілер Түркістан облысындағы қауіпсіздігі жоғары түзету мекемесінің сыртқы қоршауы арқылы ішке лақтыру арқылы жазасын өтеушілерді есірткімен қамтамасыз етпек болыпты.
Жансая Тәуекелқызы