Түрмелерде медицина қызметкерлері тапшы

627

Сотталғандар арасында туберкулезбен ауыратындар саны 5 есе азайған. 

Түрмелерде медицина қызметкерлері тапшы

ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің төрағасы Жанат Ешмағамбетовтың сөзінше, мамандар мәселесі 2021 жылдың басына қарай шешіледі. 

"Қазіргі кезде медицина қызметкерлерінің жетіспеушілігі мен құрал-жабдықтардың ескіруі сынды мәселелер бар. Оның басты себебі – жалақының төмендігі, тұрғын үй жағдайының болмауы. Бұл мәселені мүдделі органдармен бірлесіп талқыладық. Келесі жылдың басында бұл мәселе шешімін табады деп сенемін. Медицина да бір орында тұрған жоқ. Ал қазіргі құрал-жабдықтар осыдан 7-8 жыл бұрын сатып алынған. Сондықтан жергілікті бюджеттердің қосымша қаражаттарын пайдалау мүмкіндігі қарастырылуда. Өйткені сотталғандардың көбі сол өңірлердің тұрғындары", – деді комитет төрағасы.

Сонымен қатар Жанат Ешмағамбетов сотталғандардың денсаулығына тоқталды. Оның сөзінше, түрмеге келіп түскен барлық адамдар міндетті түрде алдын-ала тексеруден өтеді. Созылмалы аурулар анықталған жағдайда есепке алынып, емделеді. Жыл сайын денсаулық сақтау органдары мамандары жылжымалы диагностикалық кешендерімен келіп, профилактикалық тексерулер жүргізеді. 

"Биыл ғана 2 мыңнан астам науқас осындай көмек алып, 120-дан астам сотталушыға ота жасалды. Сондай-ақ осы шаралар нәтижесінде туберкулезбен күресте оң нәтиже байқалады. Соңғы жылдары өкпе індеті анықталған науқастар саны 5 есе, түзету мекемелерінде өлім-жітім 8 есе, ал науқастардың жалпы саны 4 есе азайды", – деді комитет төрағасы.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу