Баллондардың түгелдей дерлігі өткен ғасырда өндірілген. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Премьер-министр Олжас Бектенов министрден "Соңғы уақытта тұрмыстық баллондардың жарылуы жиілеп кетті. Осы бағытта қандай шаралар қабылданып жатыр?" деп сұрады.
"Өткен ғасырдың 70-80-шы жылдары өндірілген, металдан жасалған 300 мыңнан астам газ баллон өте қауіпті екеніне көзіміз жетті. Қазіргі таңда елімізде композиттік материалдан жасалатын баллондарды өндіруді ұсынамыз", – деп қысқа қайырды Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов.
Осыған дейін ТЖМ басшысы халық газ баллондарды автомобильге жанар-жағармай құю станцияларынан толтыратынын, бұл заңға қайшы екенін айтты.
"Ол баллондардың басым бөлігі пайдаға жарамсыз. Біздің есебіміз бойынша 348 мың газ баллон ауыстыруды талап етеді. Осы орайда әкімдіктердің жанындағы тұрғын үй комиссиялары тұрмыстық және коммуналдық тұтынушылардың газ тұтыну жүйелері мен газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалану ережелерінің сақталуына бақылау жасауды күшейтуі қажет", – деді министр Үкімет отырысында.