Түркістан облысында қалдықтарға азық-түлік айырбастайтын дүкен жұмыс істей бастады. Онда бір келі алюминий банка үшін бір келі жуа алуға болады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Ал бір келі пластик бөтелкені салмағы сондай картопқа айырбастай аласыз. Сайрам ауданының орталығында жұмысын бастаған сауда орны қағаз қалдықтарын да қабылдайды. Мәселен дүкенге бір келі макулатура өткізген тұрғын 3 дана дәретхана қағазын алады. Ақсу ауылында жақында жұмысын бастаған дүкеннің бүгінде ісі ілгерілей бастаған. Өйткені, халық үйреніп қалдықтарды көптеп әкелуде.
"Біз қайта өңдеуге болатын қалдықтардың барлық түрлерін қабылдаймыз. Бекітілген бағасы бар, соған сәйкес айырбастаймыз. Ал, қайта өңделетін заттарды өткізуде мәселе жоқ. Ол үшін Шымкент, Кентау, Алматы қалаларындағы зауыттармен келісім-шарттар түзілген. Мұнда жиналғанның барлығын сығымдап, кейін зауыттарға жібереміз", - деді жоба жетекшісі Владислав Голярко.
Тілге тиек етер тағы бір ақпар бұл дүкенге қоқыс өткізу арқылы тек азық-түлік еме, диқаншылыққа қажетті құрал-жабдықтарды да жалға алуға болады. Басты талап, істі аяқтаған соң құралдарды бүлдірмей қайта өткізу қажет. Қоғам белсенділері тарапынан қолға алынған бұл істі бүгінде халық та қызу қолдауда. Себебі, бұл бастама біріншіден қоршаған ортаны қоқыстан тазартса, екіншіден тұрғындарға экономикалық тұрғыдан тиімді. Ал, қажетті жабдықтарды қоқыстың құнына жалға алу тіпті жақсы. Айтпақшы аталған дүкенде қоқыстарды ақшаға айналдыруға болады. Бірақ ол кезде баға төмендейді