Түсті және қара металл сынықтары мен қалдықтарын шетке шығаруға неге шектеу қойылды?

671

Қазіргі уақытта ТМД, ЕАЭО және ЕО бірқатар елдерінде қара және түсті металдардың сынықтары мен қалдықтарын елден шығаруды уақытша квоталау немесе тұрақты негізде толықтай тыйым салу шарасы қолданылады.

Түсті және қара металл сынықтары мен қалдықтарын шетке шығаруға неге шектеу қойылды?

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында ИИДМ Индустриялық даму комитеті төрағасының орынбасары Тұрар Жолмағамбетов түсті және қара металл сынықтары мен қалдықтарын Қазақстаннан шығаруға уақытша шектеу енгізудің себептерін түсіндіріп берді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Оның айтуынша, мұндай шешім қабылдаудың негізгі себебі – отандық қайталама шикізаттың жетіспеушілігі және өндіріс үшін шикізат ретінде металл сынықтарын пайдаланатын өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарын қосымша жүктеу қажеттілігі.

Сондай-ақ спикер Қазақстан қайталама шикізатты шығаруға шектеу қоятын жалғыз мемлекет емес екенін атап өтті. Бұл шара Қырғызстан, Ресей Федерациясы, Армения, Өзбекстан және Беларусьте қолданылады. ҚР ИИДМ қабылдаған бұл шешім барлық ұлттық және халықаралық нормативтерге сәйкес келеді.

"Ресей Федерациясында квоталар енгізіліп, сынықтарды елден шығаруға толық тыйым салу мәселесі пысықталып жатыр. Ал, Өзбекстан мен Беларусь мемлекеттік монополия орнатты. Яғни, аталған елдерде тек уәкілетті мемлекеттік компаниялар ғана қайта шикізатты жинауға және өңдеуге құқылы. Бұл ретте олардың жалғыз міндеті – ішкі өңдеушілерді шикізатпен қамтамасыз ету болып табылады", – деп атап өтті Т. Жолмағамбетов.

Айта кетерлігі, Еуропада да ұқсас процестер жүріп жатыр. Атап айтсақ, металл сынықтарына деген сұранысқа байланысты тауарды ЭЫДҰ-ға кірмейтін елдерге экспорттауға тыйым салу мәселесі қарастырылуда. Бұдан басқа, қайталама шикізатқа сұранысқа экономиканы декарбонизациялау саясаты да әсер етеді. Яғни, дамыған елдерде көміртегі салығын енгізуге байланысты өндірісте металл сынықтарын пайдалану табиғи шикізат пен атмосфераға қалдықтардың ең аз шығынына байланысты артықшылыққа ие болды.

Сонымен, бір тонна болат өндірісінде сынықтарды пайдалану СО2 қалдықтарын 1,5 тоннаға азайтуға, 1,4 тонна темір рудасын, 740 кг көмір мен 120 кг әктас тұтынуды болдырмауға мүмкіндік береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу