Тұтас алқап тұрғындары күткен мектеп қашан ашылады?

544

Таразда "Казарма" алқабынан берілуі тиіс мектеп 2 жылдан бері ашылмай әлі тұр.

Тұтас алқап тұрғындары күткен мектеп қашан ашылады? Фото: Inbusiness.kz

Білім ұясының лентасын қию рәсімі осымен 3-ші рет кейінге шегерілді. Сақалды құрылыстың себебін әкімдік мердігерден, мердігер қымбатшылықтан көреді, 180 бала өзге ауданға қатынауға мәжбүр. Желтоқсанда берілуі тиіс-ақ мектептің жылу жүйесі де әлі орнатылмаған, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Шаһар шетіндегі "Казарма" алқабына жұрт 20 бұрын  қоныс теуіп бастаған. Қазір түтін саны көп. Алайда алып алқап аядай мектепке жарымай-ақ қойды. Әу, баста білім бөлімі жеке сектордан үй жалдап, бастауыш мектебін ашқан-ды. Бірақ оның өзі 4 жылдан бері жабылып тынған. Артынан бар оқушы өзге ауданға қатынап тәлім алуға мәжбүр. 

"Қыстың күні бар әрине қиындық болады. Жауын шашын бар, жел бар. Алыста болған соң, сол "жеткізуі", сосын кейін жаңағы шығарып салып күтіп алуы ғой. Кейбіреулердің шамасы бар кейбіреулердің уақыты жоқ", - дейді Тараз қаласының тұрғыны Болыс Сүттібаев.

Мұқым елді мазалаған 180 орынды мектеп. Мерзімнен кешіккен мердігер білім ұясын былтыр тамызда өткізуі тиіс еді. Алайда қазынадан 600 млн теңге қаралған жоба бітпей, сағызша созылған. Іргетасы құйыларда қуанған қараша да іркілген істі көріп, қапа.

"Балалар әрине осы мектепті асыға күтуде. Үлкен әжелерміз де, кішкентай балаларымыз да "осы мектепте оқимыз"  деп, бәрі осы мектепке қарап отыр. Әр үйде 3-4 баладан. Әрине өзіміздің тұрғылықты жерде мектебіміздің болғаны жақсы", - дейді Тараз қаласының тұрғыны Индира Сауранбектова.

Тамызда берілмеген мектеп мерзімі өткен соң желтоқсанға ауысқан. Бірақ мердігер оған да үлгермеді. Жауаптылар "енді сақалды құрылысты қаңтар аяғында аяқтаймыз" деп отыр. Бірақ мектептің жылу жүйесі әлі орнатылмаған соң, бұған илану да қиын.

"Толық ақшасы былтыр бөлініп, сәуір айынан бастап тамыз айында бітуі тиіс еді. Енді бұл жерде мердігердің кінәсі бар. Өндіріс кестеден кешігуде. Оған байланысты біз келісімшартқа сәйкес өзіміз айыппұлымыз бар. Жоба сметасы өзі 2020 жылы әзірленген болатын. Сол себептен құны бүгінгі құрылыс материалына сәйкес болмағаннан кейін сәл қиыншылықтар туындады", - дейді Жамбыл облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Аманбай.

Құрылыс басқармасы қаржының уақытылы қаралмауы да кешігуге себеп болғанын айтады. Ал қазандық желтоқсандағы аязға байланысты жеткізілмей қалған. Бірақ "қондырғы қазір орнатылып жатыр" дейді. Жалпы өңірде былтыр 46 білім нысанында құрылыс жүрді. Салалық бақылау басқармасы 12 мектептің құрылысында кінәрат табылғанын айтады.

"Мердігерді техникалық, авторлық қадағалаушылардың бәрін тарттық та, оларға нұсқама бердік қалпына қайтадан келтіру бойынша. Ондай факті бір осы ғана емес", - дейді Жамбыл облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Қайрат Бисімбаев.

Айта кетейік, қазір өңірде қос компания құрылыс лизенциясынан айырылды. Сот әрқайсысына 1,4 млн теңге айыппұл арқалатты. Одан өзге 18 компания сапасыз құрылысқа байланысқа ескерту алған. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу