Қаланың іргесіндегі қоқыс полигонында өрт 2 маусымда басталған. Қызыл жалынды дереу сөндіргенімен, оның салдарымен күрес әлі жалғасып жатыр, деп хабарлайды Inbusiness.kz.
Қалың түтін қаланы тұтас басып қалды. Әсіресе, қаланың Шанхай, Батыс-2, 8 шағыр аудандарындағы тұрғындарға оңай соқпады. Олар есік-терезені қымтап отыруға мәжбүр болғандарын айтауда.
Қатты тұрмыс қалдықтары полигоны 2007 жылдан бері жұмыс жасайды. Нысанның өртенуі – бірінші рет болып отырған жоқ. 2015 жылы да қызыл жалынға оранған еді. Былтыр 15 рет өрт болса, биылдың өзінде 7 дерек тіркелді.
"Қазір 42 гектар аумақтың бетін биіктігі 60 см топырақпен жабу жұмыстары басталады. Бұл қоқыстың жануы мен тұтануы мәселесін толығымен шешуге мүмкіндік береді. Қатты-тұрмыстық қалдықтар 18 гектар аумақты қамтитын жаңа полигонда қабылданады", - деп мәлімдеді Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Айдос Хамиев.
Полигонда өрт сөндіру жұмыстарына 25 адам жұмылдырылған. Одан бөлек, 12 арнайы техника жүр.