Тұтынушы мен сатушы арасындағы дауды сот шешеді

936

Қолданысқа шағымдарды қараудың үш деңгейлі механизмі енгізіледі. 

Тұтынушы мен сатушы арасындағы дауды сот шешеді

Сенаттың жалпы отырысында Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов тұтынушылардың құқығын қорғайтын заң жобасын таныстырды. 

"Заң жобасы 7 заңнамалық актіге, оның ішінде 3 кодекс пен 4 заңға 200-ге жуық түзету енгізуді көздейді. Олардың негізгі бағыттары: бірінші, халыққа тұтынушылар құқығын қорғаудың тұтас және тиімді жүйесін қалыптастыру; екінші, уәкілетті органның, оның ішінде тиісті салаларда тұтынушылар құқығын қорғауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру жөніндегі рөлін күшейту; үшінші, үкіметтік емес ұйымдарды институционалдық күшейтуге және тұтынушылардың құқығын қорғаудың көпдеңгейлі жүйесіне белсенді тарту, сондай-ақ оларды қолдау", – деді Бақыт Сұлтанов.

Министрдің мәлімдеуінше, заң жобасы арқылы шағымдарды қараудың үш деңгейлі механизмі енгізіледі. I деңгейде сатушы шағымды өз еркімен немесе сотқа дейінгі реттеу субъектілері арқылы қарайды. Мұндағы мақсат – бұзылған құқықты қалпына келтіру, моральдық, материалдық залалды "қазір және осында" принципі бойынша қысқа уақытта аз шығынмен өтеу. 

"II деңгейде шағымдар уәкілетті органға жіберіледі. Сатушылар құқық бұзушылықты өз еркімен жоюдан бас тартқан жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартылады. III деңгей – сотқа шағым беру. Сотқа дейінгі реттеу институтының енгізілгенін ескере отырып, соттар тұтынушы мен сатушы арасында өзара тиімді келісімі жоқ дауларды қарайды. Үш деңгейлі механизмді рет-ретімен қолдану сот органдарына түсетін жүктемені төмендетуге алып келеді деп ойлаймыз", – деді Бақыт Сұлтанов.

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу