Министр халық қарызға не үшін кіретінін айтты

726

Рұқсат етілген жүктеме коэффициентінің мөлшері – 50 пайыз. 

Министр халық қарызға не үшін кіретінін айтты Фото: © Sputnik / Санат Имангалиев

Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин тұтынушылық кредиттер көлемінің өсуі қарапайым қазақстандықтардың жағдайына қалай әсер етіп жатқанына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Журналистер министрден "Тұтынушылық кредиттер көлемінің өсуі халықтың әлеуметтік жағдайы нашарлап жатыр дегенді білдірмей ме?" деп сұрады.

"Тұтынушылық кредиттердің өсуі халықтың жағдайын көрсетіп жатыр. Себебі, ол (халықта) қаражат бар деген сөз. Біреуі ертең қалай төлеймін деп ойланбай несиелерді алуы мүмкін. Ол да бар. Сол себепті қаржы реттеушісі адамдарға несие алмас бұрын ойлану үшін бір тәулік уақыт береді. Рұқсат етілген жүктеме коэффициенті деген бар. Қазіргі уақытта оның мөлшері – 50 пайыз. Бұл сенің бүкіл қарызыңды алатын жалақымен салыстырады. Ол 50 пайыздан аспауы керек. Асқан жағдайда саған ешкім несие бермейді. Біздің ұсынысымыз – оны 35 пайызға дейін төмендету", – деді Серік Жұманғарин Мәжіліс кулуарында.

Сөзінше, несие алған адам оңды-солын бағамдаған адам болып саналады.

"Егер адам несие алатын болса, онда ол өзінің мүмкіндіктерін есепке алған деген сөз. Адам көп несие алатын болса, бұл оның оларды қайтаруға табысы жеткілікті дегенді білдіреді. Ал енді адамдардың дәрі-дәрмекті Kaspi Red арқылы алуына келсек, бұл туралы ойлану керек. Елімізде шамамен 12 миллион адамға тегін медициналық көмек көрсетіледі. Соның ішінде дәрі-дәрмек те бар. Ендеше не үшін оларды бөліп төлеу арқылы алады? Дәрігерден рецепт алып, қажетті дәрілердің көбін тегін алуға болады. Бірақ, бәлкім, бұл жерде әңгіме басқа дәрі-дәрмектер туралы шығар", – деді Ұлттық экономика министрі.

Айта кету керек, бұған дейін Парламент жаңа Салық кодексін Президентке жіберетінін жазғанбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу