Әлемдегі ең кішкентай елге үлкен қауіп төнді

617

5000-нан астам Тувалу тұрғыны климаттың өзгеру салдарынан Аустралияға көшуге рұқсат беретін визаға өтініш берген.    

Әлемдегі ең кішкентай елге үлкен қауіп төнді Фото: newscientist.com

Визаға өтініштер 16 маусым мен 18 шілде аралығында қабылданды, деп жазады inbusiness.kz сайты Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.

Бағдарлама шартына сәйкес, 2025 жылдан бастап жыл сайын лотерея жүйесі арқылы Тувалудың 280 тұрғыны Аустралияға көшуге мүмкіндік алады. Өтініш қабылдаудың басталғанына төрт күн ғана өткенде 3125 адам − яғни 11 мың халқы бар елдің шамамен үштен бірі тіркеліп үлгерген.

Nikkei Asia таратқан соңғы дерекке сүйенсек, 11 шілдеге дейін өтініш саны 5157-ге жеткен.

−  Бұл климат өзгеруінің ауыр зардаптары аясында адамдарға лайықты көшу мүмкіндігін беретін әлемдегі алғашқы келісім, − деп мәлімдеді Аустралия үкіметі New Scientist журналына.

Тувалу − Тынық мұхитының оңтүстігінде, Аустралия мен Гавайи аралығында орналасқан шағын арал мемлекеті. Елдің ең биік нүктесі − теңіз деңгейінен небәрі 4,5 метр, ал орташа биіктігі −  2 метр. Осы себепті Тувалу теңіз деңгейінің көтерілуіне, су басу және дауылды тасқындарға бейім.

Зерттеулерге сәйкес, 2023 жылы Тувалу маңындағы теңіз деңгейі 30 жыл бұрынғыдан 15 см жоғары болған. Ал 2050 жылға қарай ел аумағының едәуір бөлігі мен маңызды инфрақұрылымы толқын кезіндегі су деңгейінен төмен қалып, қауіпке ұшырайды.

Жаңа виза бағдарламасы Аустралия мен Тувалу арасындағы "Фалепили одағы туралы келісім" (Australia-Tuvalu Falepili Union treaty) деп аталады. Аталған бағдарлама тұтас бір ел халқы үшін жоспарлы көшу құқығын қарастыратын әлемдегі алғашқы жоба болып саналады.

Келісім аясында Тувалу азаматтары Аустралияда тұруға, жұмыс істеуге және оқуға, сондай-ақ жергілікті тұрғындармен тең дәрежеде медицина мен білімге қол жеткізуге мүмкіндік алады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу