АҚШ-тың Миссури штатында болған ұшақ апатынан 12 адам көз жұмды. Fox News тиісті ақпаратты таратты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты жергілікті басылымға сілтеме жасап.
Алдын ала мәліметке сәйкес, Батлер Мемориал әуежайынан ұшып шыққан Pacific Aerospace P750 шағын жеке ұшағы белгісіз себеппен кері бұрылып, Business 49 тасжолының маңында құлаған. Ұшақ бортындағы 12 адам, оның ішінде 11 парашютші мен ұшқыш оқиға орнында көз жұмған.
Апаттан кейін ұшақ отқа оранды, құтқарушылар өртті көп ұзамай сөндірген. Қазір оқиғаның мән-жайын анықтау үшін тергеу жүргізіліп жатыр. Әуежайдың уақытша басшысы, Бейтс округінің төтенше жағдайлар агенттігінің директоры Деннис Джейкобстың сөзінше, ұшақта апат алдында қозғалтқыштың тарту күшіне қатысты ақау болуы мүмкін.
Полиция өкілдері апаттың жазатайым оқиға болғанын айтып отыр. Себебі қылмыстық әрекеттің белгілері анықталмаған.
Ресми ақпаратқа сәйкес, ұшақта секіруге дайындалып жатқан жолаушылар болған. Олардың арасында тәжірибесі жоқ адамдар болғаны да айтылды. Сондай-ақ, қаза тапқандардың кейбір туыстары оқиға кезінде әуежай аумағында болып, ұшақтың құлағанын өз көзімен көрген.