Қазақстанда түзеу мекемелерінде азаптаудың қолданылуына қатысты шағымдар саны артты

808

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімованың атына азаптауға қатысты шағымдардың дені Қазақстанның пенитенциарлық жүйесінің мекемелерінде жүрген адамдардан түседі екен.

Қазақстанда түзеу мекемелерінде азаптаудың қолданылуына қатысты шағымдар саны артты

Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың деректеріне сәйкес, Қазақстанда қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде және қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін өзге де арнаулы мекемелердегі адамдарға қатысты азаптау  мен қатыгездікпен қарау жағдайларының саны артқан. Бұл Ұлттық алдын алу тетігінің жұмысы нәтижесінде анықталыпты. 

"2020 жылғы тамыздағы жағдай бойынша ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімованың атына 97 тиісті өтініш түсті, ал 2019 жылы барлық есепті кезеңде 83 өтініш түсті",– деп хабарлады Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық.

Жалпы, биылғы жылдың 8 ай ішінде адам құқықтары жөніндегі уәкілге құқық бұзушылық туралы әр түрлі өтініштермен 705 рет жүгінген (өткен жылы 1090 шағым түскен). Уәкілге азаптауды қолдану туралы шағымдардың дені Қазақстанның пенитенциарлық жүйесінің мекемелерінде жүрген адамдардан түседі екен.

"Түскен өтініштердің ішінде-антисанитариялық жағдайларға, ар-ождан және діни сенім бостандығына құқықты шектеуге, білікті медициналық көмектің жеткіліксіздігіне, еңбек құқығын бұзуға, гендерлік белгісі бойынша кемсіту жағдайларына, тамақ, киім және аяқ киім сапасына қатысты шағымдар бар. Сондай-ақ бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеу шарттарының тым милитаризациялану практикасына байланысты өтініштер де орын алып отыр. Бұл әскери казармалық атрибутиканы қолдануда, тұтқындардың марштық құрылысында, оларға қатысты әскери командаларды ұсынуда көрінеді", – деп жазылған орталық хабарламасында.

Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық дерегіне сүйенсек, тіпті науқастарға қатысты зорлық-зомбылықты қолдана отырып, санкцияланбаған тінту, ұрып-соғу және қорлау фактілері де кездескен.

"Барлық алынған өтініштердің қорытындысы бойынша тексерулер жүргізілуде, уәкілетті органдардың атына хаттар дайындалуда немесе жолданған", – дейді адам құқығын қорғайтын орталықтан.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу