Twitter әлеуметтік желісінің әкімшілігі Венесуэла Ұлттық Ассамблеясының жаңа құрамының парақшасын "ережелерді орындамағаны үшін" бұғаттап тастады.
"Аккаунт бұғатталды. Twitter ережелерін сақтамайтын аккаунттарға осындай шектеу енгізіледі, – деп жазылған әлеуметтік желіде.
"Зорлық-зомбылық пен қудалаудың кесірінен адамдар өз ойларын ашық білдіруден қорқа бастайды. Бұның салдарынан жаһандық әлеуметтік пікірталастың маңызы жоғалады", – дейді Twitter әкімшілігі.
Әлеуметтік желінің мұндай саясатын, яғни аккаунттарды өз қалауы бойынша бұғаттау саясатын көпшілік айыптап отыр. Дональд Трамптың парақшасына енгізілген шектеуді де бірқатар саясаткер сынға алды.
Мексиканың президенті Андрес Мануэль Лопес Обрадор G20 саммитінде әлеуметтік желілерде цензураға жол бермеу туралы мәлімдеме жасамақшы. Ол сөз бостандығы мен цензураның болмауына кепілдік беретін ұлттық әлеуметтік желіні құру идеясын қолдап отыр.
Табиғат Нұрболат