Есірткі қылмысына қарсы күресушілер Қазақстан еріктілер лигасының жастарымен бірге аэрозольді баллондардың көмегімен тыйым салынған сайттарды жарнамалаған 300-ден астам граффити жазуды үстінен бояды. Сонымен қатар "Есірткіге жол жоқ" науқаны аясында шаһар тұрғындары мен қонақтарына тақырыптық стикер жапсырылған бетперделер таратылды.
"Біріншіден, біз еріктілер лигасының барлық қатысушыларына алғысымызды білдіргіміз келеді, олар біздің тұрақты серіктестеріміз, былайша айтқанда біздің пікірлестеріміз. Еріктілер лигасының жігіттері мен жеке құрам 10 топқа бөлініп, бүкіл қалаға тарады. ҚР ҚК-нің 299-1-бабына сәйкес осы әрекет үшін қылмыстық жауаптылық енгізілгеннен кейін ондай жазулардың азайғанын айта кеткен жөн. Бұл жазулар ешкімге керек емес, біздің жастардың көзі ашық және тыйым салынған сайттарға кіргілері келмейді. Бұл тұрғындармен жүргізілетін профилактикалық жұмыстардың нәтижесі. Сондай-ақ қала тұрғындарының назарын аудару үшін, оның ішінде карантиндік шараларды сақтау мәселелеріне де ден қою мақсатында оларға тақырыптық логотипі және “Есірткіге жол жоқ” деген жазуы бар бетперделер берілді. Мұндай іс-шаралар барлық жерде өткізіледі және қоғам өкілдерінің қатысуымен тұрақты түрде жүзеге асырылатын болады", – деді Алматы қалалық ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Сағындық Аяғанов.
Науқан барысында шаһар тұрғындарына 500-ден астам бетперде таратылды және тыйым салынған сайттар туралы 300-ге жуық жазу боялды.