"Тым қымбат". 20 аурухана салуға қатысты қаражат қайта қаралады

942

Денсаулық сақтау министрлігі 20 көпбейінді аурухана құрылысының құнын қайта қарайды, өйткені олар тым қымбат болып шықты. Олардың кейбірінің құрылысы кейінге ауыстырылады. Мұны денсаулық сақтау министрі Ажар Гиният үкімет отырысы барысында баяндады.

"Тым қымбат". 20 аурухана салуға қатысты қаражат қайта қаралады

"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 20 аурухананың құнын мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін пайдалана отырып қайта қарау қажеттігін ерекше атап өтті. Көпбейінді ауруханаларды салу бойынша республикалық мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының тізбесін оңтайландыру мақсатында денсаулық сақтау министрлігі қолданыстағы "Дені сау ұлт" ұлттық жобасын іске асыру кезеңінде бірінші кезеңде 2025 жылға дейін Алматы, Шымкент, Қарағанды, Ақтөбе, Нұр-Сұлтан қалаларында бес университеттік аурухана және Түркістан, Петропавл және Көкшетау қалаларында үш көп бейінді аурухана салуды жүзеге асыруды жоспарлап отыр", - деп хабарлады Ғиният.

Оның айтуынша, қалған 12 жоба 2026 жылдан бастап кезең-кезеңмен енгізіледі. 

Қазіргі уақытта денсаулық сақтау министрлігі индустрия және инфрақұрылымдық даму, ұлттық экономика және қаржы министрліктерімен бірлесіп, медициналық бұйымдарсыз аурухананың бір шаршы метрінің шекті құнын және бір төсек-орынға арналған шекті алаң нормативін айқындайды, сондай-ақ оңтайлы қаржылық модельді және алғашқы сегіз жоба бойынша шығыстарды оңтайландыруды пысықтайды.

Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылға дейін бекітілген "Дені сау ұлт" ұлттық жобасы аясында өңірлерде "кемінде 20 денсаулық сақтау нысанын" салу мен жаңғыртуға, оның ішінде денсаулық сақтау министрлігінің республикалық ведомстволық бағынысты ұйымдарының инфрақұрылымын одан әрі дамытуға 261 млрд теңгеден астам қаражат жұмсау жоспарланған. 

Бұдан басқа, мемлекет инвесторлар есебінен Астана, Алматы, Шымкент, Түркістан, Петропавл, Қарағанды, Ақтөбе, Көкшетау, Өскемен, Атырау, Тараз, Қызылорда, Ақтау, Павлодар, Қостанай қалаларында кемінде 20 заманауи аурухана және екі ғылыми-инновациялық орталық, оның ішінде МЖӘ мен концессия шеңберінде салу ниеті туралы мәлімдеді. Бұған бюджеттен 376,7 млрд теңге бөлу және 76,2 млрд теңге жеке инвестициялар тарту жоспарланған болатын.

Тасқын Болатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу