Тың жоба: алғаш рет "Имам барысы" турнирі ұйымдастырылды

Дін қызметкерлері спортта кім мықтыны анықтады. 

Тың жоба: алғаш рет "Имам барысы" турнирі ұйымдастырылды Фото: ҚМДБ баспасөз қызметі

Соңғы уақытта қазақ күресін кеңінен насихаттау мақсатында "Қазақ барысы", "Әлем барысы", "Өнер барысы" сынды түрлі спорттық шаралар өтіп, көпшілік назарын аудартты. Сол сияқты биыл алғаш рет имамдар да төл спортымыз бойынша сынға түсті, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының қолға алынған шара еліміздің әр өңірінде ұйымдастырылуда. Айталық, күн кеше спорттық дода Павлодар облысында өтті. "Баянтау" спорт кешеніндегі боз кілемде 19 имам күш сынасты. Олардың барлығы – өз аудан-қалаларындағы жарыстан сүрінбей өткен дін қызметкерлері. 

Бұл турнирдің бір ерекшелігі – жас пен салмақ бойынша еш шектеу қойылған жоқ. Яғни, балуандар абсалютті салмақта күресті. Қатысушылардың ең жасы – 20-да, үлкені – 50-де. 

Облыстың бас имамы Жолдас қажы Қоспақұлы бұл турнир дін мен дәстүрді сабақтастыру мақсатында ұйымдастырылғанын атап өтті. 

"Біз мұсылманбыз әрі қазақпыз. Сондықтан дінмен қатар, ұлттық ойындарды дәріптеуді естен шығармауымыз керек. Ислам құлшылық, ғибадат етумен қатар спортпен шұғылдануға, білім алуға шақырады", - дейді бас имам. 

Спорттық бәсеке кәдімгідей тартысты өтті. Имамдар боз кілемде шымыр екенін көрсету үшін тырысып бақты. 

"Қоғамда имамдар тек бес уақыт намаз оқып, мешіттен шықпайды деген пікір бар. Бірақ біздің дін қызметкерлері спортта да осал емес. Гір тасын көтеру, қазақша күрес сынды сайыстарда бұған дейін мықтылығын дәлелдеді. Имамдардың қатарында спорттық дәрежелерді иеленген мамандар да бар", - дейді "Ғазиз" мешітінің имамы Қуаныш Рүстемұлы. 

Жарыс қорытындысы бойынша қарсылас шақ келтірмеген Ертіс ауданының Сілеті ауылындағы Амангелді қажы мешітінің имамы Даулат Баязитов "Имам барысы" атанды. Жеңімпазға 70 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы табысталды. Әбу Бәкір Сыддық медресесінің ұстазы Бекболат Сапаров екінші орын иеленіп, 50 мың теңгені қанжығасына байлады. Үшінші орынды алған Ақмешіт мешітінің азаншысы Нұрбек Адамжановқа 40 мың теңге табысталды. 

Қатысушылардың барлығы Алғыс хатпен марапатталып, оларға "Құран кәрім" кітабы сыйға тартылды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу