Тыңайтқыш тапшылығынан шаруаларға 10 млн тоннадай бидай жетіспейді

Топырақтың тозуы мен егіс алқаптарын арамшөптердің басып кетуі де өнімнің сапасы мен көлеміне кері әсер етіп отыр.  

Тыңайтқыш тапшылығынан шаруаларға 10 млн тоннадай бидай жетіспейді Фото: Қош келдіңіз Grain Pro Trade

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында көктемгі егіс жұмыстарына дайындық мәселелері қаралды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Биыл форвардтық сатып алу мен субсидиялауды қаржыландыру жоспарланған. Өткен жылдағыдай, бұл мақсаттарға 140 млрд теңге несие көзделген.

"Мемлекеттік қолдау фермерлер тарапынан да белгілі бір шарттарды орындауды талап етеді. Бұл – агротехнологияларды қатаң сақтау және тыңайтқыштарды дер кезінде пайдалану", — деді Әлихан Смайылов.

Қазақстанда тыңайтқыш өндіретін 12 зауыт жұмыс істейді. Мемлекет өнімді сатып алу үшін фермерлерге субсидия береді.

"Осы өндірістердің бәрін, ең алдымен, отандық нарыққа бағыттау қажет. Сарапшылардың бағалауы бойынша минералды тыңайтқыштардың жеткілікті деңгейде себілмей қалуынан біздің дихандарымыз 10 млн тоннаға жуық жоғары сапалы бидай өндіру мүмкіндігінен айырылып отыр. Бұл – жиналған өнімнің жартысына жуық", — деді ҚР Премьер-Министрі.

Оның айтуынша, топырақтың тозуы мен егіс алқаптарын арамшөптердің басып кетуі де өнімнің сапасы мен көлеміне кері әсер етіп отыр. Суды көп қажет ететін дақылдардың алқаптарын азайту тетіктері дұрыс жолға қойылмай келеді.

"Бұл ретте, фермерлер арасында түсіндіру жұмыстары дұрыс жүргізілмеген. Оларға жұмыс жүргізудің басқа, балама нұсқалары ұсынылмаған. Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және өңір әкімдіктерімен бірлесіп, осы бағыттағы жұмысты күшейтуі қажет", – деді Әлихан Смайылов.

Облыс әкімдіктерінің жедел деректері бойынша аграршылар 2,4 млн тонна көлемінде тұқым қорын қалыптастырды, өңірлердегі қоймаларда тұқым қорлары да дайындалды. Бұл ретте фермерлерге 55 мың тонна, оның ішінде оңтүстік өңірлерге – 27 мың тонна тыңайтқыш жөнелтілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу