ТЖ енгізілген бері елордалық әуежай 800-ден астам транзиттік рейс қабылдаған

714

Шекаралар жабылып, карантин режимі енгізілсе де, әуежай жүк, транзиттік және гуманитарлық рейстерді қабылдап жатыр. 

ТЖ енгізілген бері елордалық әуежай 800-ден астам транзиттік рейс қабылдаған Фото: Максим Морозов

Нұрсұлтан Назарбаев атындағы халықаралық әуежайдың Жолаушылар және жүк тасымалы қызметінің басшысы Қобыланды Кәкімов ТЖ режимінде әуежайдың қалай жұмыс істеп жатқанын баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Шекаралар жабылып, карантин режимі енгізілсе де, біздің әуежай жүк, транзиттік және гуманитарлық рейстерді қабылдап жатыр. Бұл әуежайдың белгілі бір табыс табуына, ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттап, агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға мүмкіндік береді. Барлық рейстерді орындауда санитарлық талаптар сақталады", – деді спикер тілшілерге берген сұхбатында.

Оның айтуынша, ТЖ енгізілген күннен бері елордалық әуежай 800-ден астам транзиттік рейс қабылдаған.

"Күн сайын әуежайда 3-4 жүк рейстері орындалады. Бұл ұшу кестесіне байланысты. Тәулік бойы транзиттік жүк рейстерін тарту бойынша коммерциялық жұмыстар жүргізіледі. Қазақстан аумағынан ұшып өтетін әуе компанияларымен байланыс орнатылды. Әуе кемелерін қарсы алып, ұшыру үшін арнайы санитарлық тұрақтар белгіленді",– деп атап өтті әуежай өкілі.

9 сәуірде Қытайдан медицина мамандары келіп, 5 тонна гуманитарлық көмек жеткізілді. Бұл - әуежайға қонған төртінші гуманитарлық көмек.

"Бұған дейін Біріккен Араб Әмірліктерінен көмек келген еді. 12 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жеткізіліп, 20 тоннадан астам ауылшаруашылық өнімдері экспортталды. Әуежай күн сайын шығындар мен табысын есептеп отыр. Коммерциялық департамент алдағы уақытта барлық цифрды жариялайды", – деді Қ. Кәкімов.

Сонымен бірге, спикер әуежай қызметкерлерінің 70% қашықтан жұмыс істеу режиміне ауыстырылғанын айтты.

"Қазіргі уақытта әуежай қызметкерлері арасында ешкім вирус жұқтырған жоқ. Себебі, барлық қызметкерлер рейске қызмет көрсеткенде карантин талаптарын сақтайды. Рейс пен жолаушылар көлемі азайғандықтан, ұшу-қону жолағы мен жолаушылар терминалына, автотұрақ пен автобус алаңдарына жөндеу жұмыстары жүріп жатыр", – деді Қ. Кәкімов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу