Коронавирустық инфекция ошақтарында өрт шыққан жағдайда Алматы қаласы төтенше жағдай департаментінің жаңа жұмыс тәртібі бекітілді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ТЖД басшысының орынбасары Арман Байелов айтты.
"Коронавирустық инфекция ошағында орналасқан пәтерден немесе үйден өрт шыққан жағдайда біздің мамандарымыз сол аймақта тұратын барлық азаматтарды құтқаруға кіріседі. Ал дәрігерлер бақылауындағы адамдар өзгелермен қарым-қатынасқа түспеу үшін тұрғын үй коммуналдық шаруашылық қызметкері есік алдынан арнайы аймақты белгілеуге тиіс. Ал инфекция тіркелген ошақ тұрғындары осы белгіленген орынға жиналуы керек", – деді Арман Байелов.
Оның сөзінше бұл шара індеттің таралуына жол бермейді. Сонымен қатар ведомство ТЖ кезінде әрекет ету ережелерін бекітіп, шаhардағы барлық тұрғын үй шаруашылық қызметі өкілдеріне таратқан.
Құралай Құдайберген