ТЖМ: Алматыда Түрксіб ауданында сейсмикалық қауіптілік басқалармен салыстырғанда төмен

609

ҚР ТЖМ қай аудандардың сейсмикалық тұрғыдан қауіпті екенін айтты. Соның ішінде Түрксіб ауданы басқа аудандарға қарағанда қауіптілігі төмен аудан болып есептеледі.    

ТЖМ: Алматыда Түрксіб ауданында сейсмикалық қауіптілік басқалармен салыстырғанда төмен Фото: 7kun.kz

Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев Алматыда 9 және одан да жоғары балдық жер сілкінісі болса, тұрғын үйлердің 30 пайызына дейін қирауы мүмкін екендігін айтты, деп жазады inbusiness.kz.

Тілші вице-министрге: "Сарапшылар Алматыда қатты зілзала болған жағдайда қаладағы ғимараттардың 60 пайызы қирауы мүмкін екендігін айтады, сіз бұл тұжырыммен келісесіз бе?" деп сұрақ қойды.

"Алматының еліміздегі сейсмикалық қауіпті өңірлерінің бірі екендігімен келісемін. Қала 27 тектоникалық плиталардың қауіпті жерлерінде орналасқан. Олардың негізгілері қаланың таулы аймақтары екендігін айта кету керек. Қаладағы қауіптілігі төмен аудан – Түрксіб. Қалған аудандар тектоникалық плиталардың қауіпті жерлерінде тұр, сондықтан қауіп те жоғары. Мегаполисте қатты зілзала болған жағдайда шаһардың 60-70 пайызы қирайды дегенге келіспеймін. Болжамды мәліметтерге сүйенсек, 9 және одан да жоғары балдық жер сілкінісі болған кезде тұрғын үйлердің 30 пайызына дейін қирауы мүмкін", - деп жауап берді Ибрагим Күлшімбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Оның айтуынша, елімізде сейсмикалық қауіпті аймақтардың қатарында басқа да өңірлер бар.

"Сейсмикалық қауіпті аймақтар саны белгілі. Жалғыз Алматы қаласы емес. Оған Алматы, Түркістан, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда облыстары да кіреді. Бұл аймақтарда жер сілкінісі болған жағдайда қандай шаралар атқарылуы тиіс екендігі көрсетілген арнайы жоспарлар бар. Екі жыл сайын арнайы оқу-жаттығулар өткізіледі. Дайындықты тексеру мақсатында биыл қыркүйекте Алматы қаласында республикалық оқу-жаттығу өткіземіз", - деді вице-министр тілшінің сауалына берген жауабында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу