ТЖМ ауа райына байланысты ескерту жасады

363

Ауа температурасы түнде -39°С, күндіз -35°С дейін төмендейді.

ТЖМ ауа райына байланысты ескерту жасады Фото: Inbusiness.kz

Төтенше жағдайлар министрлігі күн райының нашарлауына байланысты Қазақстан халқына үндеу жасады, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

"Қазгидромет" РМК болжамына сәйкес, желтоқсан айында ауа райы жиі өзгереді. Кейбір аудандарда қар көп жауып, боран болады деп болжанып отыр. Оңтүстік өңірлерде жаңбыр жауып, соңы қарға ұласады, тұман, көктайғақ, екпіні секундына 15-30 метрге дейін немесе одан да көп жел соғады. Жауын-шашын тоқтап, соңы аязға ұласады.

7-15 желтоқсан аралығында суық арктикалық ауа массасының келуімен еліміздің барлық аумағында ауа температурасы:

Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарында түнде -39°С, күндіз -35°С дейін;

Ұлытау, Абай, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында түнде -35°С, күндіз -30°С дейін;

Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарында түнде -23°С, күндіз -20°С дейін;

Қызылорда облысында түнде -20°С дейін, күндіз -15°С дейін;

Түркістан, Жамбыл, Алматы және Жетісу облыстарында түнде -25°С дейін, күндіз -17°С дейін, таулы аудандарда түнде -30°С дейін, күндіз 15°С дейін;

Атырау, Маңғыстау облыстарында түнде -18°С, күндіз -12°С дейін күрт төмендейді.

ТЖМ қауіпсіздік шараларын сақтауға кеңес береді:

Дауыл туралы ескертулер жариялаған кезде, әсіресе қараңғы уақытта алыс жерлерге сапарға шығудан бас тартып, жаяу жүруден аулақ болыңыздар.

Ауа райы жағдайы мен автожолдардағы көлік қозғалысының шектеулері туралы ақпаратты бақылаңыздар.

Қатты жел болған жағдайда жақын маңдағы ғимаратта немесе қауіпсіз жерде жасырыну қажет. Ағаштардан, ілулі тұрған конструкциялардан, электр желілерінен және билбордтардан аулақ болыңыздар.

Балаларды қараусыз қалдырмаңыздар.

"Қатты аяз техногендік өрттердің көбеюіне ықпал етуі мүмкін. Осыған байланысты жоғары қуатты электр құрылғыларын бір уақытта қосу арқылы пештерді қыздырмауға немесе электр желілерін шамадан тыс жүктемеуге кеңес беріледі", - деді ҚР ТЖМ баспасөз қызметі.

Төтеншеліктер автокөлік иелеріне ашық оттың көмегімен автомобильдерді жылыту қауіпті екенін ескертті.

"Барлық оқиғалар туралы 112 немесе 101 телефондарына хабарласуыңызды сұраймыз", – дейді ҚР ТЖМ қызметкерлері.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу