ТЖМ авиациясы жарты жылда 1,4 мыңнан астам рейс орындады

406

Санитарлық авиация 283 пациентке шұғыл көмек көрсетуге мүмкіндік берді.  

ТЖМ авиациясы жарты жылда 1,4 мыңнан астам рейс орындады Фото: gov.kz

Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігінің авиациясы 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында төтенше жағдайларға жедел ден қою бағытында ауқымды жұмыстар атқарды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ведомство мәліметінше, осы кезеңде ТЖМ авиациясы 1488 рейс орындаған. Оның 707-сі төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою мақсатында жүзеге асырылды. Бұл өңірлердегі ахуалды әуеден бақылап, қауіп-қатерлерге дер кезінде әрекет етуге мүмкіндік берді.

Санитарлық авиация бағыты бойынша 287 рейс орындалып, 283 науқасқа шұғыл медициналық көмек көрсетілді. Ауыр жағдайдағы пациенттер медициналық ұйымдарға жеткізіліп, дәрігерлер бригадаларын қажетті орындарға тасымалдау жұмыстары тұрақты жүргізілуде.

Қазіргі таңда ТЖМ авиациялық паркінде заманауи ұшақтар мен тікұшақтарды қоса алғанда, 45 әуе кемесі бар. Бұл еліміздің барлық өңірлерінде төтенше жағдайларға жедел ден қоюға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар ТЖМ басшысы генерал-лейтенант Шыңғыс Әріновтің өңірлерде 20 авиациялық-құтқару бөлімшесін құру жөніндегі жоспары аясында жаңа нысандардың құрылысы жүргізіліп жатыр.

Министрлік авиациясының негізгі міндеттеріне іздестіру-құтқару операцияларын жүргізу, санитарлық авиация қызметін қамтамасыз ету, табиғи және техногендік төтенше жағдайларды әуеден бақылау, орман және дала өрттерін сөндіруге қатысу, сондай-ақ мамандар мен техниканы оқиға орнына жедел жеткізу кіреді.

ТЖМ авиациялық бөлімшелері су тасқыны қаупі бар аумақтар мен табиғи өрт ошақтарына тұрақты мониторинг жүргізіп, ықтимал қауіптердің алдын алу және төтенше жағдайларға жедел әрекет ету жұмыстарын жалғастыруда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу