ТЖМ Комитет төрағасы және департамент басшылары жемқорлыққа қатысы бар деген күдікке ілінді

667

Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали хабарлады.

ТЖМ Комитет төрағасы және департамент басшылары жемқорлыққа қатысы бар деген күдікке ілінді Фото: ашық дереккөз

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жоғары лауазымды шенеуніктер арасында жемқорлықтың жүйелі фактілерін анықтау аясында Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп, осы ведомствоның бөлімше басшыларының заңсыз әрекеттерінің жолын кесті, деп хабарлайды Inbusiness.kz.

"Айталық, жасырын іс-шаралардың нәтижелері бойынша ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы, сондай-ақ Шымкент қаласы мен Жетісу облысы бойынша ТЖД бастықтары парақорлықпен әшкереленді.

Олар өртке қарсы қауіпсіздік саласындағы қамқорлығы үшін кәсіпкерлерден жүйелі негізде пара алып, тексерілетін ұйымдарды келісімшарттар жасау арқылы олардың қызметтерін сатып алуға және уақтылы ақы төлеуге мәжбүрлеген деген күдікке ілінді", делінген хабарламада.

Пара сомасы 100 мыңнан 4 млн теңгеге дейінгі аралықты құрайды.

Бұдан басқа, ТЖМ Өртке қарсы қауіпсіздік комитетінің төрағасы заңсыз ақшалай сыйақы үшін Ұлытау облысы бойынша ТЖД басшыларының біріне қамқоршылық жасаған.

Күдіктілер ұсталып, УҰИ-на қамалды.

 

Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Аталған лауазымды адамдардың басқа да жемқорлық құқық бұзушылықтарға қатыстығы тексерілуде.

Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге де ақпарат жария етуге жатпайды.

Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу