1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі шағын көлемді кемелерді қауіпсіз пайдалану саласындағы бақылау және қадағалау жұмыстарын жүргізе бастады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Аталған өкілеттіктер Мемлекет басшысы 11 маусымда қол қойған "Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келтіру, Қазақстан Республикасының сайлау, прокуратура және әлеуметтік қамсыздандыру туралы заңнамасын жетілдіру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Заңында көрсетілген.
Жаңа функциялар су айдындарында, әсіресе халық көп демалатын орындарда азаматтардың қауіпсіздігін арттыруға және шағын көлемді кемелерді пайдалануға байланысты оқиғалардың алдын алуға бағытталған.
Осы бағытта ТЖМ аумақтық бөлімшелері Көлік прокуратурасымен бірлесіп, су айдындарында рейдтер мен профилактикалық іс-шаралар өткізуде. Мамандар шағын көлемді кемелер иелері мен жүргізушілерінің заң талаптарын сақтауын, құтқару құралдарының болуын, жүзу құралдарының техникалық жағдайын және кемені басқару құқығын тексереді.
Бүгінде Республика бойынша шағын көлемді кемелерді пайдалану талаптарын бұзуға қатысты 164 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Барлық дерек бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қабылданды.
ТЖМ кеме иелері мен жүргізушілерін қауіпсіздік талаптарын сақтауға, құтқару құралдарын пайдалануға, ауа райы жағдайын алдын ала бағалауға және судағы қауіпсіздік ережелерін бұзбауға шақырады.