Мәжіліс депутаты Айдос Сарым жалған курстардың қоғамда кеңінен таралуы және оның салдары жөнінде мәселе көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Бізді соңғы уақытта елімізде кеңінен таралып кеткен сан алуан эзотерикалық, псевдоспихологиялық жалған ілімдер мен секталардың әсіре белсенділігі қатты алаңдатып отыр. Өздеріне жалған диплом жасатып, атағы жер жаратын "академиялардың", әлемдік "ұйымдардың" атынан сөз сөйлеп жүрген тренер-коучтердің шараларының саны күн санап артып келеді. Қай бір сайтты, әлеуметтік желіні ашып қалсаң болды, әлемнің барша құпиясын меңгерген, адамның жан дүниесінің бүкіл кілтін беліне байлаған мамансымақтар көпшілікпен кездесулер, курстар, семинарлар өткізіп жатады", – деді мәжілісмен өзінің депутаттық сауалында.
Оның айтуынша, бұны жекелеген адамдардың өз таңдауы, жеке құқығы деп айтуға келмейді. Депутат рухани алаяқтар мемлекететтік мекемелерге, квазимемлекеттік сектордағы ұйымдарға дейін жетіп, мемлекеттік, қоғамдық проблемаға айналғанын айтты.
"Бір ғана мысал келтірейін. Соңғы кездері елімізде "Сюцай" деп аталатын курстар қаулап таралуда. Бұл бағыт өзін "адамның ішкі әлеуетін ашатын сандық психология" деп таныстырғанымен, іс жүзінде ғылыми негізі жоқ, эзотерикалық және діни сипаттағы коммерциялық жобаға айналып отыр. Бүгінде "Сюцай" атауын жамылған топтар жабық форматтағы шаралар өткізіп, өз уағыздарын кеңінен таратып жүр. Олардың басым бөлігі – лицензиясыз, сертификатсыз, тіркелмеген тұлғалар. Жалған ілімнің басты мақсаты – азаматтарды "рухани даму" ұранымен иландырып, сандар мен символдарға сүйенген псевдотеория арқылы материалдық пайда табу", – деп атап өтті Айдос Сарым.
Нәтижесінде көптеген адамдар, әсіресе әйелдер мен жастар, қаржылай шығынға ұшырап, психологиялық тәуелділікке түсуде, ал кейбірі отбасылық және әлеуметтік күйзеліске тап болуда, деді депутат.
Мәжілісмен мемлекеттік органдар "Сюцай" сияқты ұйымдардың қызметіне мониторинг жүргізе ме деп мәселе көтеріп отыр.