"Уағызды кім көрінген айтады": Депутат теріс ағымдарға заңмен тыйым салуды ұсынды

109

Депутат бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесі екенін жеткізді. 

"Уағызды кім көрінген айтады": Депутат теріс ағымдарға заңмен тыйым салуды ұсынды Фото: Мәжіліс

Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса өзінің депутаттық сауалында деструктивті діни ағымдарға тыйым салу мәселесін көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Оның сөзінше, осыдан 3 жыл бұрын да Парламентте діни теріс ағымдарға заңмен тыйым салу мәселесі көтерілді.

"Өткенде елді шулатқан екі келеңсіз жайтты жақсы білесіздер. Оның біреуі қазақтың қасиетті мейрамы Әз Наурызға қарсы қара ниетті біреудің қатты шабуылы! Екіншісі, өзіне ұнамаған әйелін ат ауыстырғандай көңілі қалаған адамға сыйлай салған атышулы имам. Кеше ғана Ақтөбеде сотталушылардың әйелдері сотқа ниқабпен келді. Қоғамдық орында бетті бүркемелеген киім киюге тыйым салған заң қайда? Заң сақталуы тиіс сот ғимаратында қара жамылғандар қаптап жүрсе, басқа жерде басқа шықпағанда қайтеді?", – деді Қазыбек Иса.

Мәжілісменнің айтуынша, осындай оқиғалардан сабақ алу қажет.

"Біз қоғамдағы өте күрделі мәселеге айналған бұл кесепаттың күнде, әр үйде, әр отбасыда кездесуін күтіп, қарап  отыра береміз бе? Қазірдің өзінде кеш қалғанымыз айқын. Бірақ кеш қалсақ та, еш қалмау үшін енді заңды қарекетке батыл кірісу керек! Ұлттық ұғымға қарсы желіде желпініп отырғандардың тамырымызды жегіқұрттай жеп жатқанына ешкім де көлденең көрермен болып отыра алмайды, бәріміз де ертең тақсыретін тартуымыз мүмкін. Сондықтан Ата заңымызға айқын жазылған мемлекеттің зайырлы болуы қайырлы боларын нақты іспен көрсетуіміз керек", – деп атап өтті ол.

Қазыбек Иса Наурызға, ұлттық дәстүрімізге, ұлттық ұғымымызға қарсылық – ұлтқа, мемлекетке ашық қарсы шабуыл екенін баса айтты. 

"Әлеуметтік желілерде қазаққа қарсы теріс пиғылдылар әрбір: ұлттық мүддеге қарсылық, ұлттық тұтастыққа іріткі салу, ұлттық ұстанымдарды жоққа шығару, Исламның дәстүрлі Ханафи мазхабына тас ату, ұлттық мүддені қорғап жүрген қоғамдық, рухани ұлт қайраткерлеріне күйе жағу арқылы қоғамға ықпалы зор тәлімді тұлғалық институтты ыдырату әрекеттерін жасауда. Осындай елге тигізер есепсіз пандемиялық ылаңы шектеусіз екі аяқты вирустар алдында ұлттық ақпараттық қауіпсіздігіміз дәрменсіздік танытуда. Сондықтан ел түбіне жетер қауіпті індетке шұғыл заңмен қатаң тосқауыл қоятын кез жетті. Солардың кесірінен ұлтынан, дәстүрлі дінінен безгендер, иман келтіріп, әруақ тербеген ата-бабасын ақымақ, әке-шешесін айкәпір көргендер өз тамырын өздері отап жатқандарын сезбейтіндер", – делінген депутаттық сауалда.

Депутаттың айтуынша, ұлтты ұйыстыратын, жұртты көркем мінезді имандылыққа шақыратын уағыздың орнына у ағызып, ұлтқа қарсы шығып  отырғандарды қалай ұстаз деуге болады?  Уағызды кім көрінген айту қашан тоқтайды, дейді халық қалаулысы.

"Тіпті ең қасиетті болып саналатын асыл дініміз исламды ең қауіпті ағымға айналдыру үшін барын салып жатқандар қазір қайтадан күшейіп келеді. Терісін ауыстырып алған теріс ағымдағылар елді екіге бөліп, мылтықсыз майданда мыңдаған жастарымызды қазақтың қатарынан шығарып қана қоймай, ұлтты жою үшін қазаққа қарсы қауіпті күштерге айналдырып жатыр", – деді Қазыбек Иса.

Мәжілісменнің мәліметінше, елімізде радикалды деп танылған салафизм мен уахабизм, сонымен қатар иегова куәгерлері, бахаи сенімі, кришнаиттер және т.б. теріс ағымдағы секталар өріп жүр. 

"Радикалды діни ағымдарға заңмен тыйым салу – ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Мемлекет ең алдымен Ұлттық қауіпсіздікті қорғауға міндетті. Біріншіден, радикалды ұйымдар қоғам тұрақтылығына қауіп төндіреді, елге іріткі салады. Екіншіден, мемлекет өз азаматтарының қауіпсіздігін қорғауға міндетті. Ол үшін қоғамдық тұрақтылықты сақтау керек. Бұл – мемлекеттің негізгі функцияларының бірі. Үшіншіден, егер мемлекет мұндай қауіптерге қарсы әрекет етпесе, бұл әлеуметтік қақтығыстарға; экстремистік әрекеттерге; қоғамдық тұрақсыздыққа алып келеді. Қауіп төніп тұрғанда заң арқылы шара қолдану – ең дұрыс шешім. Төртіншіден, заңмен тыйым салу – бұл бостандықты шектеу емес, қауіптің алдын алу. Бұл – дінге қарсы емес, керісінше, дінді қорғау үшін теріс мақсатты ұйымдарға қарсы бағытталған шара. Сондықтан діни радикализмге қарсы саясат – кез келген құқықтық мемлекеттің қауіпсіздік стратегиясының маңызды бөлігі", – деді Мәжіліс депутаты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу