Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Мәжіліс кулуарында бірыңғай уақыт белдеуінің оқушыларға әсеріне қатысты сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Жалпы уақыт белдеуінің ауысуы қаншалықты кері, тиімсіз екені тұрғысынан әлі толыққанды шешім айту ерте. Өйткені бұл тиісті зерттеулерді қажет етеді. Екіншіден, бүгінде оқу уақытын белгілеу жергілікті атқарушы органдардың құзыретінде. Яғни, білім басқармалары тиісті уақытты ыңғайлы кезеңге қоюда шешім қабылдауға мүмкіндігі бар. Мен барлық аймақтың басшыларымен үнемі байланыстамын. Әсіресе, бұл мәселе батысқа қарағанда шығыста жиі көтерілетінін жақсы білемін. Сондықтан шығыс өңірдегі әріптестеріммен хабарласқанда әзірге жаппай шағымның туындамағанын айтып отыр. Осы мәселеде балалардың қауіпсіздігіне кері әсер ететін жағдайлардың туындамауы жеке бақылауда ұстауларын естеріне салып отырмын", – деді ведомство басшысы журналистердің сауалына берген жауабында.
Тілшілер "Әлеуметтің желіде екінің бірі осы мәселеге шағымданып, баласымен кешкі уақытта үйге қайтып бара жатқан сәтін видеоға түсіреді" деп нақтылады.
"Екінің бірі деп айту әбестік болар. Нақты санмен келетін болсақ, оның көбісі кейде фейк екенін де көріп отырмыз. Барлық ақпаратты қарап отырмын. Нақты осы мәселе бойынша маған бір ата-ана хабарласты, елдімекенді айтты. Сол елдімекенге байланысты шешім қабылдауды тапсырдым. Біз әрбір мәселені бүкіл Қазақстанда болып жатыр деп айтудан аулақпыз", – деді Оқу-ағарту министрі.