ҰБТ-2022 қалай өтеді?

5086

ҰБТ тапсыруға 130 мыңнан астам талапкер өтініш берді. Сынаққа тіркелу 28 сәуірде басталып 14 мамырға дейін жалғасады. Тестілеудің бірінші мүмкіндігінде ереже бұзған талапкер екіншісіне жіберілмейді.

ҰБТ-2022 қалай өтеді?

Бұл туралы ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті директоры Әділет Тойбаев мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz. 

"Ұлттық бірыңғай тестке тілкелу 28 сәуірде басталып 14 мамырға (18:00) дейін жалғасады. Өтініштерді қабылдау әдеттегідей Ұлттық тестілеу орталығының сайтында жүргізіліп жатыр. Осы күнге дейін 130 мыңнан астам талапкерден өтініш түсті. Түлектері үшін биыл аса маңызды жаңалық – түлектерге негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсыруға мүмкіндік берілгені. Түлек екеуінің бірінің нәтижесін таңдап, конкурсқа қатыса алады. Ал негізгі сынақ 16 мамыр мен 5 шілде аралығында өтеді", – деді департамент директоры 

Естеріңізге сала кетейік, аталған кезеңде сіз тестілеуді 2 рет тапсыра аласыз және ең үздік нәтижемен білім беру грантын тағайындау конкурсына қатыса аласыз.

Биыл ҰБТ-ға орта білім беру ұйымдарының 2022 жылғы түлектері;
орта білім беру ұйымдарының өткен жылғы бітірушілері мен техникалық және кәсіптік немесе орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының бітірушілері;
жоғары білімнің қысқартылған оқыту мерзімдерін көздейтін білім беру бағдарламалары бойынша оқуға түсетін техникалық және кәсіптік немесе орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының бітірушілері; ЖОО-ға ақылы негізде оқуға қабылдану үшін халықаралық алмасу желісі бойынша шетелде білім алған орта білім беру ұйымдарының бітірушілері мен шетелде білім алған, Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын, ұлты қазақ тұлғалар; ЖОО-ға күндізгі оқу бөліміне ақылы негізде қабылдау үшін ҰБТ нәтижесі бойынша шекті балл алмаған, ҰБТ нәтижелері жойылған, бейінді пәндер комбинациясы сәйкес келмейтін ҰБТ нәтижелері бар тұлғалар.

Биылғы (2022) жылдың мектеп түлектері ҰБТ-ға ТЕГІН қатысады, өзге тұлғалар үшін тестілеуге қатысу құны – 4 230 теңге. 

Әділет Тойбаевтың айтуынша, Ұлттық бірыңғай тестілеудің бірінші мүмкіндігінде ереже бұзған талапкер екіншісіне жіберілмейді.

"Ұлттық бірыңғай тест тапсыруға екі рет мүмкіндік берілгенін тағы еске саламын. Бірақ, бұл ретте талапкерлер бейінді пәндерді ауыстыра алмайды. Егер, бірінші сынақта "математика+физика" пәндерінен тапсырса, демек, екінші мүмкіндігінде де тура осы пәндерден тест тапсыруға міндетті. Сонымен қаьар биыл бірінші мүмкіндік кезінде ереже бұзған түлектердің нәтижелері жойылады және екінші рет тапсыруға жол берілмейді”, – деген спикер егер талапкер бірінші рет тестті дұрыс тапсырып, екінші мүмкіндігінде белгілі бір ережені бұзса, онда екі мүмкіндігінің де нәтижесі жойылатынын атап өтті. 

“Олар гранттық конкрусқа да қатыса алмайды. Сондықтан әрбір талапкерді акаедмиялық адалдық ұстануға шақырамыз", – деді спикер. 

ҰБТ-2022-де ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қандай мүмкіндіктер қарастырылған?

“Оларға қосымша 40 минут беріледі. Сонымен қатар арнаулы тестердің сапасы да, құрылымы да өзгерді. Тағы бір жаңашылдық академиялық адалдықты сақтау мақсатында тестіленушілердің тест нұсқасы таңбаланатын болады. Демек, әрбір тест тапсырушының жеке тест нұсқасы болады және таңбаланады. Ақпараттық қауіпсіздік мақсатында тестілеу "1 компьютер – 2 камера – 1 тестіленуші" қағидаты бойынша жүргізіледі", – деді Әділет Тойбаев. 

Ал пәндердің санына келер болсақ, олар өзгеріссіз қалады. Яғни, үш міндетті және екі таңдау бойынша. Ең жоғарғы ұпай – 140. Тестілеудің жалпы уақыты – 4 сағат. 

Құралай Құдайберген

Фото: yujanka.kz

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу