Ұлттық бірыңғай тестілеуден 140 балл жинаған Түркістан облысының түлегі Жәнібек Абилханға пәтер кілті табысталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Дарынды оқушыны тестке дайындаған білім беру орталығы пәтер алуға сертификат сыйлады. Бұл туралы әлеуметтік желіде жарияланған жазбадан белгілі болды.
"Қазақстандағы алғашқы 140 балл жинаған талапкер – Жәнібек Абилханға компания пәтер сыйлады", - деп хабарлады оқу орталығы.
ҰБТ-дан ең жоғары ұпай алған Жәнібек Ордабасы ауданына қарасты Темірлан ауылындағы Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-гимназияның түлегі. Ол информатика пәнін таңдаған.
Көпбалалы отбасыдан шыққан оқушының қуанышына қазақстандықтар да ортақтасып жатыр. Желі қолданушылары "Барлық ата-аналарға осындай қуаныш сыйласын ұл-қыздары!", "Түлектерге жұғысты болсын!", "Мықты! Күшті мотивация!" деп жылы лебізін білдірді.
Бұдан басқа Жәнібек Абилханға мектеп директоры iPhone смартфонын, аудандық білім бөлімінің басшысы – ноутбук, аудан әкімдігі теледидар сыйлады.