ҰБТ-дан жоғары балл алған кейбір түлектер неге грантқа ілінбеді?

310

Мемлекеттік гранттардың дені басымдық берілген мамандықтарға бөлінеді. 

ҰБТ-дан жоғары балл алған кейбір түлектер неге грантқа ілінбеді? Фото: Толқын

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек кәсіптік бағыттау жұмыстарын күшейту қажеттігін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Журналистер министрден "Биыл ҰБТ-дан жоғары балл алған түлектер неге грантқа түсе алмады деген сұраққа жауап бердіңіз. Яғни бұл түлектер грант аз бөлінген мамандықтарды таңдағаны рас па?" деп сұрады.

Ведомство басшысы мемлекеттік білім беру тапсырысы басымдық берілген мамандықтарға бөлінетінін баса айтты.

"Дәл солай. Гранттардың 60 пайызы басымдық берілген мамандықтарға беріледі. Тапсырған түлектер жоғары балл алып, гранттан өтпеген. Егер олардың қай мамандықтар бойынша тапсырғанын көрсек, олардың ішінде басымдық берілген мамандықтар жоқ", - деді Саясат Нұрбек Үкімет отырысынан кейінгі брифингте.

Министр болашақ мектеп түлектеріне техникалық мамандық таңдауға кеңес берді. 

"Біз ақпараттық және кәсіптік бағыттау жұмыстарын күшейтуіміз керек. Әлі күнге дейін талапкерлер ең мықты жоғары оқу орындарын таңдайды, ең үлкен талас болатын, аз грант берілетін мамандықтарды таңдайды. Өкінішке қарай, бұл конкурс. Бұл нәрсені түсінуіміз керек. Конкурстың мағынасы бәсеке деген сөз. Мәселен, 200 грант берілді, 5 мың адам тапсырып жатыр. Грантқа ілінбеген адамдардың саны жоғары болады. Энергетика, гидрогеология, ветеринария, орман шаруашылығы салаларында конкурс аз. Сондықтан мұқият жоспарлап, таңдауды дұрыс жасау керек", - деді ведомство басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу