Солтүстік Қазақстан облысында Ұлттық бірыңғай тестілеудің алғашқы кезеңіне мыңнан астам түлек қатысса, соның 12-сі өздерімен бірге сынаққа рұқсат етілмеген зат кіргізгені үшін залдан шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
СҚО-да Ұлттық бірыңғай тестілеудің бірінші кезеңі 17-19 қаңтар аралығында өтті. Бұған дейін хабарлағанымыздай, тестілеуге қатысуға 1409 адам тілек білдірген еді.
СҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметінше, өңірде биыл 3276 түлек мектеп бітірсе, олардың 2080-ні, яғни 63% ҰБТ-ға қатысуға өтініш берген.
ҰБТ-ның бірінші кезеңі облыста 5 жерде: М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де, Ақжар ауданының Талшық елді мекенінде, Жамбыл ауданының орталығы Пресновкада, Ғ.Мүсірепов ауданының Новоишимка елді мекені мен Айыртау ауданының орталығы Саумалкөлде өтті.
Сынақ талапқа сай өтуі үшін ҚР Білім және ғылым министрлігінің бұйрығына сәйкес "Қызылжар-адалдық алаңы" жобалық кеңсесінің және сыбайлас жемқорлыққа қарсы ведомствоның қызметкерлері, арнайы мониторингтік топтың мүшелері бақылады.