ҰБТ-ны 65 адам ағылшын тілінде тапсырған

153

Негізгі 16 мамырда басталған Ұлттық бірыңғай тестілеу басталғаннан бері 52 мыңнан аса тестілеу өткізілді.  

ҰБТ-ны 65 адам ағылшын тілінде тапсырған Фото: gov.kz

Талапкерлердің 66%-ы тестілеуді қазақ тілінде, 33%-ы орыс тілінде және 65 адам ағылшын тілінде  тапсырған, деп жазады inbusiness.kz сайты Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.

Бірінші аптаның қорытындысы бойынша талапкерлердің 62%-ы шекті балл жинады. Бес пән бойынша орташа балл 61-ді құрады. Ең жоғары нәтиже – 140 балл – Түркістан облысынан Әбілхан Жәнібек көрсетті.

Тестілеуге қатысуға 216 мың талапкерден 399 мыңға жуық өтініш келіп түсті. Қазіргі таңда тестке қатысушылардың басым бөлігі, атап айтқанда, 20%-ы "Математика-Физика", 17%-ы "Шығармашылық емтихан" пәндер комбинациясын тапсырды. 11%-ы "Биология-Химия" комбинациясын таңдаған.

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында ҰБТ-ға 163 талапкер қатысқанын айта кеткен жөн.

Талапкерлердің тест тапсырмаларының мазмұны бойынша тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға беру құқығы бар. Техникалық себептер бойынша апелляция тікелей тестілеу кезінде қабылданады. Нәтижелері бар сертификаттар апелляция қарастырылғаннан кейін жеке кабинеттерде қолжетімді болады.

ҰБТ-ны өткізудің бірінші аптасында 55 рет ереже бұзылғаны анықталды. 

26 талапкер смартфондарды, шпаргалкаларды және басқа да тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін тестілеуден шеттетілді. Тағы 29 адам тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан шығарылды, олардың нәтижелері жойылды. Өзге адамдардың орнына кіру фактілері анықталған жоқ.

2025 жылғы ҰБТ аяқталғаннан соң 31 қазанға дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі.

Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда ҰБТ нәтижелері жойылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу