ҰБТ-ның қағаз сертификаты берілмейді

1851

Оның орнына талапкерлер электронды сертификат алады.  

ҰБТ-ның қағаз сертификаты берілмейді

Білім және ғылым министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев биылғы жылы ҰБТ нәтижесі бойынша "электронды куәлік" берілетінін айтты.

"Биылдан бастап Ұлттық бірыңғай тестілеудің қағаз сертификаты берілмейді. Оның орнына талапкерлер электронды сертификат алады. Грант туралы да электронды куәлік беріледі. Оның шынайылығын Ұлттық тестілеу орталығының сайтында оңай тексеруге болады. Студенттерді қабылдау білім беру тобы арқылы жүргізіледі. Грант жеңіп алған студент университетке барған кезде нақты білім беру бағдарламасын таңдайды. Ақылы оқығысы келетіндер өзінде бар ҰБТ сертификатының бірін өткізе алады", – деп айтып өтті департамент директоры.

Әділет Тойбаевтің сөзінше, білім грантын жеңіп алушылар үшін тағы бір өзгеріс – педагогика мамандықтарына түсушілер үшін "өту" баллының жоғарылауы.

"Алдыңғы жылы басқа мамандықтар тәрізді педагог мамандығына да өту үшін 50 балл жинау қажет болатын. Былтыр оны 60 балға дейін көтеруге шешім қабылданды. Ал биыл ұстаздыққа оқу үшін 70 балл жинау қажет. Бұдан басқа өзгеріс туралы айтар болсам, елімізде талапкерлер көп баратын өте танымал жоғары оқу орындары бар. Ондай оқу орындарының академиялық дербестігін кеңейтіп отырмыз. Олар талапкерлерді оқуға қабылдау үшін өздері қосымша емтихан өткізе алады немесе ҰБТ-ның шекті ұпайын көтеруге рұқсаты бар", – деп түсіндірді БҒМ өкілі.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу