ҰБТ тапсырушыларға калькулятор пайдалануға рұқсат беріледі

1115

Сонымен қатар, тесте төртінші тоқсан сұрақтары да болмайды.

ҰБТ тапсырушыларға калькулятор пайдалануға рұқсат беріледі

Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов ҰБТ тапсыру уақыты биылғы жылы 10 минутқа ұзағырақ болатынын және емтихан кезінде калькуляторлар пайдалануға рұқсат берілетінін мәлім етті.

"Есептеуіш құралдарды пайдалануға рұқсат ету мәселесін қарастырдық. Алайда тест тапсырушыларға өзімен бірге есептеуіш құралдарды әкелуге болмайды. Біздің калькуляторлар әр тест тапсырушының үстелінде дайын тұрады. Тағы бір жеңілдік ретінде тестілеу уақытының 10 минутқа ұзартылғанын айтуға болады. Ұлттық бірыңғай тестілеу уақыты 4 сағат болады", – деп түсіндірді Дидар Смағұлов.

Сондай-ақ, тестілеу орталығы директорының айтуынша, пандемияға байланысты қашықтықтан өткен төртінші тоқсанның оқу бағдарламасынан сұрақтар тестілеуде кездеспейді.  

"ҰБТ-да төртінші тоқсан сұрақтары болмайды. Оқу жылының соңғы тоқсанында балалар жаңа тақырыпты өтпейді. Негізінен өткен тақырыптарын қайталап, бұрын алған білімін бекітеді. Сондықтан ҰБТ-да төртінші тоқсан сұрақтары кездеспейді деп айтуға болады", – деді ол.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу