Көкшетау қалалық ІІБ полициясының екі учаскелік инспекторы жас жігітті суицидтен құтқарып қалды. Бұл туралы Ақмола облыстық ІІД баспасөз қызметі хабарлады.
Көкшетау қалалық ішкі істер басқармасының кезекшілік бөліміне "Сұңқар" шағынауданындағы тұрғыннан телефон хабарламасы келіп түсті. Әйелдің айтуынша, ол балконнан қан іздерін байқап қалған. Оқиға орнына осы әкімшілік учаскеге қызмет көрсететін полицияның учаскелік инспекторлары - полиция аға лейтенанты Саят Әубәкіров пен Әлихан Қожанов жіберіледі. Аталған мекенжайға келген полицейлер қанның іздерін көреді. Пәтерге кіргеннен кейін олар балконда асылып өлмекші болған жас жігіттің үстінен шығады. Ол өзінің тамырын кесіп те үлгерген. Тексеру барысында полицейлердің бірі оның жүрегі соғып тұрғанын байқайды. Тәртіп сақшылары жігіттің мойнындағы арқанды шешіп, алғашқы медициналық көмек көрсетеді және жедел жәрдем шақырады.
Пәтерді тексеру барысында жас жігіттің өзінің сүйіктісіне жазған қоштасу хаты табылды.