"Мемлекет басшысы учаскелік полиция қызметкерін полицияның ұлттық сервистік моделінің негізгі тұлғасы ретінде белгіледі. Учаскелік инспектор мәртебесін заңды түрде көтеру және оның өкілеттіктерін кеңейту міндеті тапсырылды. Осыған байланысты учаскелік инспекторға әкімшілік құқық бұзушылықтардың тағы төрт құрамы бойынша жаза қолдану құқығын беру ұсынылады", – дейді заң жобасын бірінші оқылымда қорғаған Мәжіліс депутаты Гүлнар Бижанова.
Атап айтқанда, олар кәмелетке толмағандардың түнде ойын-сауық мекемелерінде болса, темекі бұйымдарын тұтынса, әкімшілік қадағалау тәртібін бұзса, көлік құралдарының қозғалысына кедергі жасаса – заң бұзғандарды әкімшілік жауапкершілікке тарта алады.
"Бұл учаскелік инспекторлар жұмысының тиімділігін едәуір арттыруға, оларды екінші дәрежелі жұмыстан босатуға және негізгі міндеттерді орындауға мүмкіндік береді", –дейді Гүлнар Бижанова.
Мәжіліс депутаттары осы ереже кіріктірілген "ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасына бірінші оқылымда мақұлдады.
Аян Бекенұлы