Учаскелік полиция инспекторларының құзіреті кеңейтілді

6035

Ұлттық полицияның сервистік моделі – учаскелік қызметкерлердің негізгі элементі болуға тиіс. Оларға жергілікті тұрғындардың мәселесін шешу және қылмыстың алдын алу міндеті жүктелген. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті басқармасының басшысы Жасұлан Байкенов баяндады, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Учаскелік полиция инспекторларының құзіреті кеңейтілді

"Қазіргі таңда учаскелік полиция инспекторларының институты ішкі істер органдарының жүйесінде ерекше көпфункционалды болып табылады. Олар өз кезегінде, азаматтардың құқығын қорғау, тұрмыстық қатынасты реттеу, қоғамдық тәртіпті және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоршаған ортаны қорғау, аумақтарды абаттандыру және басқа да мәселелерді шешуге қатысады. Әкімшілік құқық бұзушылықтардың 47 құрамы бойынша жазалау түрін қарайды және жаза қолданады. Бұл – белгіленбеген орындарда сауда жасау (204-бап), ауылшаруашылығы жануарларын жаю ережелерін, иттер мен мысықтарды асырау және серуендету ережелерін бұзу (408-бап), темекі өнімдерін тұтынуға тыйым салуды бұзу (441-бап), қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру ережелерін бұзу (505-бап), сондай-ақ Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодекстің 685-бабының 1-бөлігінде көзделген басқа да бірқатар құқық бұзушылықтарды қарайды. Сонымен қатар заңнамада белгіленген мерзімде есеп беретін адамдарды тұрғылықты жері бойынша тексеру арқылы жазаның жекелеген түрлерінің орындалуын бақылауды қамтамасыз етеді", – деді комитет басшысы. 

Жасұлан Байкенов учаскелік инспекторлар отбасылық тирандардың, маскүнемдердің, нашақорлардың, бұрын сотты болғандардың өмір сүру салты мен іс-әрекетін де назарда ұстайтынын алға тартып, биыл учаскелік инспекторлардың құзыреті заң жүзінде кеңейтілгенін жариялады. 

"Учаскелік инспекторлардың полиция атынан жеке және заңды тұлғаларға құқық бұзушылық жасауға әсер еткен себептер мен жағдайларды жою үшін ұсыным жасауға және олардың орындалуын талап ету құқығы бар. Олардың әкімшілік жаза қолдану бойынша өкілеттілігі кеңейтілді. Бұрын болған әкімшілік құқық бұзушылықтың 47 құрамынан басқа дербес тағы 4 құрам бойынша қарастыру құқығы берілді. Атап айтсақ, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта көңіл көтеру орындарында болуы, темекі өнімдерін пайдалануға тыйым салуды бұзу, әкімшілік қадағалауды бұзу, көлік құралдарының қозғалысына кедергі жасау", – деді комитет басшысы. 

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу