Экс-министр, қазір қамаудағы Қ.Бишімбаевпен байланыстыратын бір жобаны Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің бірінші орынбасары ерекше атады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Азаматтық некедегі әйелін аяусыз ұрып, өлтіргені үшін жаза арқалаған экс-министр – "Болашақ" бағдарламасының түлегі. Қаныш Төлеушиннің айтуынша, екеуін осы бағдарлама ғана байланыстырады.
– Мен мемлекеттік қызметке бизнестен келген адаммын. Сондықтан, түрлі жобаларға инвестиция салдым. Оның ішінде сіз айтып тұрған жоба да бар. Қазір ол жобада құрылтайшы емеспін. Қуандық Бишімбаевпен қарым-қатынас туралы айтсам, ешқандай байланысым жоқ. Біз бәріміз "Болашақ" бағдарламасының түлектері ретінде жобаларымыз туралы мәліметті өзара бөлісіп, ұдайы кездесіп тұрамыз. Сондықтан осы бағдарлама түлектері ретінде араласамыз. Бізді байланыстыратын жалғыз осы жоба шығар. Сондықтан, тағы да қайталап айтам, ол нысанда қазір құрылтайшы емеспін, – деді вице-министр.
"Ол нысандағы құрылтайшылғыңызды кісі өлімі болғаннан кейін жойдыңыз ба?" деп сұраған тілшіге мемлекеттік қызметке ауысуды жоспарлап жүргендіктен активтерінің көбін отбасымен бірге сатқанын, сосын құрылтайшылықтан шығып кеткенін айтқан.