ҚР Ұлттық экономика министрлігі бизнес-қауымдастыққа кәсіпкерлерге арналған екі жаңа цифрлық өнімді таныстырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Прототиптердің таныстырылымы "Атамекен" ҰКП алаңында өтіп, сервистердің функционалы кәсіпкерлердің ұсыныстары негізінде жетілдірілмек.
Алғашқы сервис – кәсіпкердің Бірыңғай жеке кабинетіне біріктірілген Міндетті талаптар тізілімі. Жүйе қызмет түріне қарай кәсіпкерге қойылатын талаптарды автоматты түрде қалыптастырып, қажетті рұқсат құжаттарын алу үшін мемлекеттік қызметтерге тікелей сілтемелер ұсынады. Қазіргі уақытта тізілімге экономиканың түрлі саласын қамтитын 106 мыңға жуық міндетті талап енгізілген.
Екінші цифрлық өнім – Мемлекеттік қолдау шараларының бірыңғай жүйесі. Ол субсидиялау, жеңілдетілген несие, кепілдік беру және грант бағдарламалары туралы ақпаратты бір жерге жинақтап, кәсіпкерлерге қажетті қолдау құралын таңдап, онлайн өтініш беруге мүмкіндік береді.
Кездесу барысында бизнес өкілдері заңнамадағы өзгерістер туралы проактивті хабарламалар енгізу және жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану жөнінде ұсыныстар айтты.
"Біз бизнес қоғамдастықтың талап-тілегін дер кезінде білу үшін әдейі прототиптерге дайындық кезеңінде келдік. Кәсіпкерлердің заңнамадағы өзгеріс туралы хабарламаларды енгізу туралы идеясы – бұл керемет кейс. Келіп түскен барлық ұсыныс егжей-тегжейлі талданып, жүйелерді өнеркәсіптік пайдалануға берудің алдындағы пысықтау кезінде ескеріледі", – деді Ұлттық экономика вице-министрі Бекболат Молдабеков.