Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жұмысында цифрлық технологиялар қолданылады. Бұл туралы AntikorNews бағдарламасында агенттік төрағасының цифрландыру мәселелері жөніндегі көмекшісі Аслан Құсайынов мәлімдеді. Оның сөзінше енді қамауға алуға байланысты емес жаза тағайындалғандарға электрондық бақылау құралдары, яғни арнайы білезік тағылады.
"Биылғы жылдың 17 қыркүйегінен бастап Қарағанды қаласының тергеу сотының шешімімен аталған тәжірибе алғаш рет қолданыла бастады. Күдіктіге үй қамағы түрінде жаза тағайындалған болатын. Арнайы медициналық сараптама арқылы денсаулығына зияны жоқ екені анықталып, білезікті тағуға байланысты барлық міндеттемелерді мойнына алды. Осылайша күдіктілер мен айыптаушыларды тәулік бойы бақылауға алып, заң бұзушылықтарды анықтай аламыз", – деді Аслан Құсайынов.
Құралай Құдайберген