Әкімдіктерде тұрғын үй кезегінде тұрған 41 мыңнан астам адам тізімнен шығарылды. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің жауабында айтылған, деп хабарлайды inbusiness.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
"Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 79-тармағына сәйкес "Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйге немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу және кезекке қою, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй беру туралы шешім қабылдауы" тұрғын үйге кезекте тұрғандарды есепке алудың бірыңғай ұлттық жүйесі (бұдан әрі – СБӨ) енгізілді. СБӨ-ні дамытудың мақсаты - тұрғын үйді қою, есептен шығару, түгендеу және бөлу процестерінің ашықтығы, орталықтандырылуы, оңтайландырылуы және автоматтандырылуы. СБӨ сервисі интеграцияланған ақпараттық жүйе болып саналады. Ол бойынша мәліметтер порталда тікелей түсірілуде", - деді Үкімет басшысы.
Айта кетерлігі, аталған жүйе 22 мемлекеттік органның (МҚІА, Қаржымині, Еңбекмині, ДСМ, Әділетмині, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі , Мемлекеттік корпорация және "ҚТҚЖБ" АҚ") ақпараттық жүйелерімен біріктірілген.
Оның атап өтуінше, мемлекеттік дерекқормен интеграцияланғаннан кейін СБӨ енгізу қорытындысында кезекте тұрғандар бойынша 1 327 805 сәйкессіздік (тұрғын үйдің болуы, санаттың сәйкес келмеуі және т.б.) анықталды. Әкімдіктер 796 162 сәйкессіздікті пысықтады. Қазіргі уақытта осы бағытта жұмыс жалғасып жатыр.
"Бүгінде жүйенің жұмысы есебінен сәйкессіздіктерге байланысты кезектен 41 мыңнан астам адам шығарылды. Осылайша, СБӨ енгізуді ескере отырып, мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға кезекте тұрған азаматтардың "электронды үкімет" порталында өз кезегін көруге тікелей және еркін қол жеткізу мүмкіндігі бар", - деді Премьер-Министр.