Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров патогенді құс тұмауынан 873,9 мың қанатты қырылып қалғанын мәлімдеді.
"2020 жылғы 22 қыркүйектен 19 қазанға дейінгі кезеңде құстардың өлім-жітімі тіркелді. Оның ішінде 7 облыста жоғары патогенді құс тұмауына күдік немесе расталған жағдай орын алды. Жеке аулаларда 26,5 мың құс, 3 құс фермасында 847,4 бас қырылды. Осылайша, жоғары патогенді құс тұмауынан барлығы 873,9 мың өлді. Бұл – жалпы құстардың 1,9%-ы", – деді министр.
Сапархан Омаровтың сөзінше, құстар қырыла бастаған сәттен министрлік жанынан және өңірлерде жедел штаб құрылған. Инфекция ошақтарына карантин қойылып, құстарды, олардың өнімін әкелуге немесе әкетуге тыйым салынған. Дезинфекция, оқшаулау және жою шаралары жүргізілген.
"Үй құстарын мәжбүрлеп вакциналау үшін ветеринариялық препараттардың республикалық қорынан 4,4 млн доза көлемінде құс тұмауына қарсы вакцина бөлінді. Бүгінде 7 облыстағы жеке аулаларда құстардың өлім-жітімі тоқтатылды, 3 құс фермасында құстардың қырылуы азайды. Ауру құстарды жою және олардың иелеріне құнын өтеу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр", – деді министр.
Қанат Махамбет