Оқиға бүгін таңғы сағат 04:08-де тіркелді. 112 құтқару қызметіне Ақтөбе қаласы Алматы ауданы Жангелдин көшесіндегі жеке тұрғын үйдің жанып жатқаны туралы хабарлама түсті. Өртті сөндіруге жеке құрамнан 16 адам және 3 бірлік техника жұмылдырылды, деп жазады inbusiness.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
"Шақырту орнына өрт сөндірушілер барған кезде жеке үйдің ас бөлмесі және кіреберіс бөлмесі өртеніп, шатырға ұласқаны анықталды. Өрт кезінде 2013 және 2019 жылы туған 2 баланың денесі табылды. 1954 жылы туған әйел қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Барлығы үйде 5 адам болған. Өрт сағат 04:41-де оқшауланып, 04:49-да сөндірілді. Өрттің ауданы - 40 шаршы метр", - деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Қазіргі кезде өрттің шығу себебі анықталып жатыр.