Ол журналист Абылайхан Өмірбайға сұхбат беріп, бизнес бастаудың қиындықтарын бөлісті.
"Мен бизнесімді екі әпкемен ғана бастаған едім. Үй тазалау дегеніміз – шаң сүртіп, еден жуу емес. Өте қиын сала екенін оқып жүріп түсіндім. Мен осы саланы Мәскеуден оқып келдім. Өзіме-өзім мотиватормын. Өзімді қамшылап, жігерлендіріп отырамын. Курс оқып, коучтарға баруға уақыт жоқ менде. Екі әпкемді ертіп алып, үлкен үйлерді тазалайтынбыз. Таңғы 8-де кеткеннен, түңгі 1-де жететінбіз. Ол кісілер де маған сеніп, сенім артты. Жұмыс болғасын ұнатпай, арыз-шағым айтатындар көп. Бірақ олармен мәмілеге келуге тырысамын. Өзімді қызметкерлердің алдында бастық ретінде ұстамаймын. Өйткені мен де сол жолдан өтіп, түрлі қиындыққа тап болдым. Қазір бизнесімді жүргізіп отырмын", – деп жан сырын ақтарды кәсіпкер.
Нұрхан Нұрмаханбет осы кәсібінің арқасында жақында екінші көлігін алған.
"Шынымды айтсам, маған бұл кәсіпті бастау оңай болған жоқ. Ауылдың баласы болғасын маған электронды тазалайтын техникалармен жұмыс істеу қиын еді. Қазір бәрін үйреніп алдым. Бизнес бастаудағы ең қиыны – команда жинау. Көп адам менің жасыма күмәнмен қарады. Бірақ ол күндер артта қалды. Қазіргі кезде командамда 130-ға жуық қыздар істейді. Одан бөлек 40 ер бала істейді. Олар химиялық тазалау жүргізеді. Сонда 200-ге жуық адамға жұмыс беріп отырмын. Астанадан бізге көп ұсыныс түседі. Сондықтан осы жақтан ашылып жатырмыз. Құрылыс компаниялары да көп, өнер жұлдыздарының жартысы да осы жерде ғой. Қазіргі кезде штат көбейді, табысымыз артты. Орта есеппен алғанда айына 20 миллион табыс табамын. Табысты болуымның арқасында көлік алып, ата-анамды қыдыртып жүрмін", – дейді ол.