Үй тірлігін міндетсінбей істейді – Ағылшын жігітке тұрмысқа шыққан қазақ қызы

740

Ол ағылшын жігітімен қалай танысқан?

Үй тірлігін міндетсінбей істейді – Ағылшын жігітке тұрмысқа шыққан қазақ қызы Фото: Маржанның жеке архивінен

Атыраулық Маржан Ерік TikTok-тағы видеоларымен елдің қызығушылығын тудырды. Ол желіде ағылшын жігітінің қалай тамақ істеп беріп жүргенін көрсеткен. Видеоға сипаттама ретінде ол "Тамақ істей алмайсың, сені кім алады деп едіңіздер, міне ол маған күнде тамақ істеп береді" деп жазған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі Stan.kz-ке сілтеме жасап.

Маржан жоғары оқу орнын бітірген соң, ағылшын тілін үйреніп, шетелге шығуға талпынған. Ағылшынша сөйлеуден тәжірибе болсын деп, Тандем қолданбасы арқылы шетелдіктермен танысып, тәжірибе алмасып жүрген. Жолдасы Дэвидпен де солай танысыпты. Екі жыл бойы ағылшынша сөйлесіп, онлайн дос болған.

"Ол маған "сен маған жазған ең бірінші қазақ қызысың" деді. Бір жолы мені жұмыстан Англиядағы жазғы каникулға Қазақстаннан студенттер мен оқушыларды алып баруға жіберді. Сол топтың лидері болып мені тағайындады. 8-16 жасар балаларға 1 ай қарап жүрдім. Балалармен жұмыс істеу оңай емес екен. Дегенмен өзім үшін өте қызық тәжірибе болды. Өзім Англияға бірінші рет бардым және Дэвидпен бірінші рет сол кезде кездестік", –  дейді Маржан Ерік.

Англиядан қайтып кеткен соң Маржанның еңбек демалысы басталған. Сол кезде Дэвид билет алып беріп, "кел, Англияны Шотландияны көрсетемін" деп шақырыпты. Бірден ата-анасымен де таныстырған.

"Мені бірден ата-анасымен таныстырды. Оларға қызым мұсылман, Қазақстаннан деп айтқан. Анасы олай болса, шошқаның етін жемейтін шығар деп, маған тауық етінен дәстүрлі тамақ дайындап берді. Ал мен жақтан анам, туыстарым басында қуанбады. "Кім ол, қазақ емес, мұсылман емес. Басқа жердің адамы. Ертең алып кетіп, соңында тастап кетеді" деген сияқты пікірлер болды. Бірақ ол ата-анамның алдынан өтті, менің ниетім шынайы деп білдірді. Ең бастысы мені анам қолдады. "Сен бақытты болсаң, мен бақыттымын" деді. Ол Дэвидті қатты жақсы көріп кетті. Кейін жақындарымның да ойы өзгерді. Өйткені Дэвид Ақтауда, анамның апасының үйінде үш күн жатты. Одан кейін Атырауға үш күн тоқтадық. Құлсарыға апарып, өзім өскен жерді көрсеттім. Онда екі күн болдық. Осы аралықта жақындарымның үйіне кіріп, баталарын алдық. Кейін жігітімді ең жақын құрбымның тойына апардым. Тамада оны 2-3 рет ойынға, байқауларға шақырды, тойды біраз көтерді. Оған той ұнады және мүлдем басқаша әсер сыйлады. Соңында бәрі ас қайырғанда ол да қайырды. Осылай құрметін білдірді", – дейді Маржан.

Маржан Дэвидті ең бірінші анасы және жеңгесімен таныстырған. Сол сәтте түсірілген видео TikTok-та ерекше танылып кетті.

"Кездесуге нағашы жеңгем қатысқан. Ол Дэвидке "Қанша ақшаң бар, неше бала болғанын қалайсың" деп, неше түрлі сұрақ қойды. Соңында Дэвид "жеңгең қауіпсіздік комитетінің қызметкері сияқты" деді. Дэвид болса, өзінің ниетін білдіріп, "қызыңызбен бірге тұрғым келеді" деп алдынан өтті. Ал менің анам мен ағам намаз оқиды. Жігітім мұсылман болмаған соң ағам қарсы болды, бірақ анам қолдады. Жігітім менің сенімімді құрметтейді. Егер намаз оқимын десең, мен де Ислам туралы көбірек біліп, ізденемін деген. Бұйырса, құдалық пен той келесі жылы болады", – дейді ару.

Маржанның сүйіктісі тамақты студент кезінен бастап істеп, әбден үйренген. Оның үстіне тамақ істегенді де жақсы көреді екен. Ал Маржан ыдыс жуамын дейді.

"Біз басынан келісіп алдық. Мен жігітіме "мен тамақ істесем, тек қалаған уақытымда істеймін. Басқа кезде сұрап, "неге жасамайсың деп қыспаққа алма" дедім. Үйді жинап, ыдыс жуып, таза ұстаймын деп айтып қойдым. Ал анам болса Дэвидке жақтасады. Хабарласып, "күйеубала, Маржан да тамақ істесін" деп отырады. Дэвидтің ата-анасымен 5 айдай бірге тұрдық. Бірақ болашақта бөлек тұрасыңдар, біз сіздермен тұрмаймыз деп айтты. Жалпы бөлек тұрған жақсы болады. Өзім үшін ең маңыздысы анамның рұқсатын алу болды", – дейді Маржан Ерік.

Маржан бізге шетелдік жігіттердің қазақ жігіттерінен айырмашылығын да айтып берді.

"Басқа елдің жігіттері үй тірлігін міндетсінбей істейді. Пікірлерді көріп отырғаныңыздай, біздің жігіттер асүйге кірсе, еркек деген атынан айырылады екен. Сонымен қатар ең бастысы конфликт болғанда ол үнемі татуласуға бірінші келеді. Қате түсініп қалмаңыз, қазақтың жігіттері жаман дегенім емес. Бұрын қазақ жігітпен үш жыл кездестік, бірақ бір келісімге келе алмадық", – деді ол.

Маржанның TikTok-тағы видеоларына көп адам пікір жазып жатыр. Оның 30-40%-ы хейт және ол көбіне жігіттерден дейді өзі. Дегенмен, Маржан өз қалауымен өмір сүруді және адамдардың сөзімен алыспауды үйренген екен.

"Көбіне қыздар қолдап, тілегін айтып, мен үшін қуанып жатыр. Менің хейтке қарсы иммунитетім бар. Әр адамның аузын жауып, қақпақ бола алмайсың. Оның үстіне әр адамның пікірі болады. Ең бастысы өзара түсіністік болса, жеткілікті. Жақындарымның арасынан да анама барып "қызың мұсылман емес пе, мұсылман жігітпен жүрсін, ұят" дегендер де болды. Бірақ анам мені әрдайым қолдайды. Дэвидті баласындай жақсы көреді. Анамды Грузияға шақырып, оған күшті демалыс ұйымдастыруды да Дэвидтің идеясымен жасадық", – дейді атыраулық қыз.

Жастар биыл жыл соңына дейін Грузияда болып, келесі жылы Англияға қайта көшпек. Қалыңдықтың визасын жасатпақ. Кейін ыңғайы келгенде анамды да көшіріп аламын дейді атыраулық қыз.

"Кейінгі 2 жыл екеуіміз Астанада, сосын Англияда (Стаффорд) тұрдық. Қазір Грузияда тұрып жатырмыз. Өйткені осы елдегі халықаралық компания жұмыс ұсынды. 3 тілде, қазақша, ағылшынша, орысша контент модератормын", – дейді Маржан.

Маржан ағылшын тілін үйреніп, шетелде жұмыс істеген адам ретінде өзі қатарлы жастарға ақыл-кеңесін де айтты.

"Жастарға, іні-cіңлілеріме ағылшын тілін оқыңыздар деп айтар едім. Ешқашан кеш емес, өйткені өзім универ кезінен бастап оқыдым. Ағылшын білсеңіз, мүмкіндіктер көп болады. Шетелге жібере алатын компанияларға кіріңіздер, әсіресе сату менеджері болып. Сонда компания сізді басқа елдерге жібереді. Ешқашан өзіңізді көрсетуге қорықпаңыз. Ағылшынша сөйлесуге тәжірибе керек болса, Тандем деген қолданбаны жүктеп, сол арқылы шетелдіктермен сөйлесе аласыздар. Мен Дэвидті солай кездестірдім", – деді Маржан.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу