Үйге жөндеу жүргізгенде газ құбыры зақымдалған

1263

Атырауда үйдегі жарылыс себебі анықталды.

Үйге жөндеу жүргізгенде газ құбыры зақымдалған

Атырау қаласында үйде газдың жарылуына байланысты жүргізілген сараптама қорытындысы шықты. Аяқ астынан болған жарылыс салдарынан әйел мен оның жасөспірім баласы көз жұмған еді, деп жазды inbusiness.kz тілшісі.

Қайғылы оқиға 2 шілде күні болды. Осы күні Тасқала ауылындағы жеке үйде газдың жарылуынан өрт болып, 49 жастағы әйелдің денесі табылған. Оның 12 жасар баласы ауыр күйікпен ауруханаға жеткізілгенмен көп ұзамай қайтыс болды. Белгілі болғандай, үй иелері соның алдында ғана қоныс тойларын атап өткен.

"Бұл отбасы газ желісіне қосылу үшін арнайы рұқсат қағазын алған. Алайда, осы оқиғаның алдында бізге ескертпестен жылыту қазандығын басқа жерге ауыстырған. Жөндеу кезінде үйдің астынан өтетін газ құбыры зақымдалып, соның салдарынан газ атылып, өрт шыққан", - дейді "ҚазТрансГазАймақ" АҚ Атырау облыстық филиалының баспасөз қызметінен.

Талап бойынша, жылыту қазандығы ауыстырылатыны жайлы арнайы мекемеге айтылып, ол тексергеннен кейін рұқсатын беруі тиіс болатын. Өкінішке орай, қауіпсіздік ережелерінің сақталмауының соңы екі бірдей кісі өліміне әкеп соқты. Ал бұл іс бойынша қозғалған қылмыстық іс қысқаруы мүмкін. 

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу