Қасиетті Рамазан айында Қобда ауданында да қайырымдылық шаралары көптеп өтіп жатыр. Өткен жұмада аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет көктемгі су тасқыны кезінде үйі суға кеткен Асқарбек Сұлтановтың отбасына Ақтөбе қаласынан екі бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті, деп хабарлайды aktobegazeti.kz.
Отағасы Мұғалжар ауданының Жұрын өңірінде туған. Жолдасы — Атыраудың қызы. Отау құрғандарына 12 жыл болыпты. Үш бала тәрбиелеп отыр. Үлкен ұлы туғаннан мүмкіндігі шектеулі бала.
Осыдан 7 жыл бұрын саяжай сатып алып, көптеп-көмектеп үй тұрғызыпты. Су тасқыны кезінде баспанасы суға кеткен. Басында балаларымен "Ақбөбек" шипажайын сағалаған. Содан амалсыздан апатты жағдайдағы мекендеріне оралған. Бірақ үйлерінің іргесі ажырап кеткен, әрі бөлмедегі ызғардан балалары қайта-қайта ауырып, қатты қиналыпты. Содан амалсыздан пәтер жалдап тұруға тура келген. Ақтөбе қаласының әкіміне көмек сұрап арыз жазған.
Отағасы мұндай тосын сыйды жақын арада күтпегенін жасырмайды. "Естігенде сенер-сенбесімді білмей, төбем көкке бір елі жетпей қалды. Бізге қамқорлық жасауға ықпал еткен облыс әкіміне алғысымыз шексіз" — дейді ол.